Түрмедегі африкалық азаматтар қаза тапты - Хуситтер Американы әскери қылмыс жасады деп айыптады
АҚШ Йемендегі түрмені әуеден бомбалаған

АҚШ-тың Йеменге жасаған әуе соққысанан 68 африкалық мигрант қаза тауып, 47 адам ауыр жарақат алған. Бұл туралы ВВС мәлім етті, деп жазады Azattyq Rýhy.
Al Masirah телеарнасының хабарлауынша, Саада қаласында орналасқан хуситтер бақылауындағы түрмеге төрт рет бомба тасталған. Шабуыл таңғы сағат 5:00 шамасында жасалған.
Саададағы түрмеде жалпы 115 мигрант болғаны айтылады. Қаза тапқандардың арасында сомалилік мигранттар да бар, бірақ олардың саны аз болған. Түрмедегілердің көбі Эфиопиядан келгендер болып шықты.
«Бұл өте қайғылы әрі қорқынышты жағдай... Жанып кеткен адамдарды көрдім. Мәйіттердің кейбірін тану мүмкін болмады», -деді BBC-ге берген сұхбатында Сомали қауымдастық өкілі Ибрагим Кабдулкадир Макаллин.
Хуситтердің қорғаныс министрлігі шабуылды «қасақана жасалған әскери қылмыс» деп айыптады. АҚШ Қорғаныс министрлігінің өкілі құрбандар арасында бейбіт тұрғындардың бар екені туралы хабарламаны мұқият тексеріп жатқанын айтты.
БҰҰ-ның Халықаралық миграция ұйымы Саададағы қайғылы оқиға туралы хабардар екенін және қажет болған жағдайда көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді. Ұйым барлық тараптарды бейбіт тұрғындарды қорғауға және халықаралық гуманитарлық құқықты сақтауға шақырды.
Қызыл Крест халықаралық ұйымы жараланғандарды ауруханаларға жеткізіп, қаза тапқандардың мәйіттерін құрметпен жерлеуге көмектескенін хабарлады.
Соңғы мәліметтер бойынша, АҚШ-тың Йемендегі хуситтер бақылауындағы нысандарға жасаған әуе шабуылдары кезінде 800-ден астам мақсатты нысан жойылды. АҚШ билігі бұл операцияларды хуситтердің әскери инфрақұрылымын жою мақсатында жүргізіп жатқанын мәлімдеді.
Йеменде 2015 жылдан бері жалғасып келе жатқан қарулы қақтығыстардан 150 мыңнан астам адам қаза тауып, 4,8 миллионнан астам адам босып кетті. 19,5 миллион адам гуманитарлық көмекке мұқтаж.