Қуандық Бишімбаев 24 жылға сотталды

Azattyq Rýhy

Атышулы істің соты бір жарым айға созылған еді 

Қуандық Бишімбаев 24 жылға сотталды
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Салтанат Нүкенованы аса қатігездікпен өлтірді деп айыпталған бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев  24 жылға сотталды. Ал оның қылмысын жасырды деп айыпталған інісі Бақытжан Байжанов 4 жылға қамалды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

13 мамырда Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Бишімбаев пен Байжановқа қатысты үкім шығарды. Бишімбаев жазасын аса ауыр қылмыстар жасаған адамдар қамалатын колонияда өтейді. 

Қуандық Бишімбаев 2023 жылы 9 қарашада Астанадағы Гастроорталықта әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен ұсталған. 11 қарашада 2 айға қамалғаны белгілі болды. Бір күннен кейін Гастроорталықтың директоры Бақытжан Байжанов та ұсталды. Нүкенованың туыстары қылмыстық іс қозғалғалы бері желіде бұрмаланған ақпараттар тарап жатқанын айтып, әділдікті талап етті.

30 қарашада Бишімбаевтың аса қатігездікпен адам өлтірді деген баппен тергеліп жатқаны мәлім болды. 8 қаңтарда Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты тергеу амалдары аяқталды. Бишімбаевты күзетпен ұстау мерзімі бір айға ұзартылды. Ақпанның аяғында Салтанат Нүкенованың қайтыс болған күні қалай соққыға жығылғаны түсірілген бейнелер алғаш рет желіге тарап кеткен еді. BAU мейрамханасының бейнекамерасынан алынған скриншоттарды қыздың ағасы Айтбек Амангелді әлеуметтік желіде жариялады.

2024 жылы 26 ақпанда Бишімбаев ісі сотқа келіп түсті. Оған екі бап бойынша: Оған ҚР ҚК 110-бабының 2-бөлігі (Азаптау) және 99-баптың 2-бөлігі (Аса қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру) бойынша айып тағылды. Күдікті Бақытжан Байжановқа ҚК-нің 432-бабы, аса ауыр қылмысты күні бұрын уәделеспей жасырып қалу және ҚК-нің 434-бабы, белгілі аса ауыр қылмыс жасағаны туралы хабарламау фактісі бойынша айып тағылды. Кейін мемлекеттік айыптаушының өтінішімен бір айыбы алынды. 

11 наурызда Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала сот тындалымы өтті. Экс-министр өзіне тағылған айыпты мойындамады. Ол ашық алқабилер сотын тағайындауды сұрады. Сот оның өтінішін қанағаттандырды. Ал журналистер сот отырысына кіре алмағанын айтып, шағымданды. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қуандық Бишімбаевтың ісі қаралып жатқан сот залына журналистердің кіргізілмеуіне қатысты пікір білдірді.Ведомство басшысы министрліктің әрқашан журналист құқықын шектеуге жол бермеу, ақпаратқа еркін қол жеткізуді қамтамасыз ету және объективті ақпарат тарату ұстанымын берік сақтайтынын атап өтті.

27 наурызда Бишімбаев ісі бойынша негізгі сот отырысы басталды. Сотта жәбірленуші тараптан Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді сөз сөйледі. Бишімбаев ісін жүргізіп жатқан судья Айжан Құлбаева сот отырыстарынан кейін БАҚ пен әлеуметтік желілерге тараған  материалдар «сотқа қысым» ретінде бағалануы мүмкін екенін ескертті.

1 сәуірде Бишімбаев Салтанатпен қалай кездескені, бірге өткізген өмірі жайлы айтты. Өлім күні әйелін 4 рет шапалақпен ұрып, бірнеше рет тепкенін мойындады. Салтанаттың бірнеше жерге өзі құлап, жарақат алғанын айтты.

Сотта Салтанат Нүкенованың телефоны қаралды. Онда әйел өзінің қатты күйзелісте жүргенін, Бишімбаевтың бопсалағаны туралы жазған.

9 сәуірде Салтанат Нүкенованың мәйітіне сот-медициналық сараптама жасаған сарапшы Тахир Халимназаров сотта қайтыс болған адамның алған жарақаттары туралы айтып берді. Сарапшы манекеннің басын қызыл және көк түспен бояп, Нүкенованың жарақаттарды қалай алғанын түсіндірді. Ол көптеген соққы алған Салтанаттың басына қан жиналып, өлгенін айтты. Бишімбаев айтқандай, жерге немесе қатты заттың үстіне құлағанда адам мұндай жарақат алмайтынын айтып, дәлелдеді.

«50-60 миллилитр қан жиналуы адам өміріне шын қауіп төндіреді. Ал 230 миллилитр гематомадан кейін ми орнынан қозғалып, қысылып қалған», - деді медициналық сарапшы.

Сотты тікелей эфирден көріп отырған қазақстандықтар Тахир Халимназаровтың кәсіби біліктілігіне қайран қалып, оған алғыс жаудырған.

11 сәуірде Бақытжан Байжанов Салтанат Нүкенованың отбасынан кешірім сұрап, сол күні көргендерін айтып берді. Бишімбаевтың сотында екі лауазымды адамның есімдері аталды. Бірі – бизнесмен Райымбек Баталов болса, екіншісі пара алып ұсталған Бауыржан Мусин. Бишімбаев өз берген куәлігінде Салтанаттың бұрын Баталовпен жақын қатынаста болғанын айтқан болатын. Бизнесмен өзі туралы айтылған сөздерді терістеді. 18 сәуірде көптен күткен Бишімбаевтың телефонын сот отырысында тексерудің уақыты келді. Бірақ ол судьяға құпия кодын айтпай, уақытты созып барып, ақыры айтты.

Оның телефонынан адам түршіктірер видеолар табылды. 2023 жылғы 9 қарашада түсірілген видеоны судья «Нүкенова жалаңаш, үстінде тек қара күрте бар, еденда еңбектеп, диванның қасынан бірдеңе іздеп жүр» деп сипаттады. Айжан Құлбаева видеоның дауысын шығарды. Онда Бишімбаев Нүкенованы қатты балағаттаған. Райымбек Баталовпен қатынасын анайы түрде қайта-қайта сұраған және мойындауын талап еткен. Қарындасын видеодан көрген Айтбек Амангелді сотта жылап жіберді.

22 сәуірде журналистер сот залына қайта кіргізілді. Сол күні ресейлік журналист Ксения Собчак келіп сотқа қатысты. Кейін тағы бір ресейлік блогер Наталья Грейс келіп, сот процесін бақылап, Бишімбаевтың ата-анасынан сұхбат алып, жариялады. Бірақ ресейлік медиатұлғалардың ҚР СІМ-нен аккредитация алмағаны белгілі болды.

20-21 сәуірде әлемнің бірнеше елінде қазақ жастары зорлық-зомбылыққа қарсы «Салтанат үшін» акциясын өткізді.

2-4 мамыр аралығында сотта жарыссөз өтті. Прокурор Бишімбаевты Нүкенованы қызғаныштан өлтірді десе, қорғаушы тарап оның өлтіруге ешқандай мотивациясы болмағанын айтты. Адвокат Игорь Вранчев Бишімбаевты «Ескі Қазақстанның паразиті» деп атап, қоғамды осындай адамдардан қорғау керегін еске салды.

6 мамырда Бишімбаев пен Байжанов соңғы сөздерін оқыды. Бишімбаев ісі – Қазақстан сот жүйесіннің тарихында алғашқы тікелей трансляцияланған сот отырысы болды. Оны АҚШ, Германия, Ұлыбритания, БАӘ, Түркия, Оңтүстік Корея, Ресей, Грузия, Молдова, Беларусь, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан сияқты елдерден адамдар көрген.

Жоғарғы Соттың коммуникациялар бөлімінің меңгерушісі Перизат Сәдуақастың сөзінше, көрермендер саны 20 миллионнан асып түскен.

Салтанат Нүкенованың өлімі еліміздегі әйелдерге жасалатын зорлық-зомбылықтың жазасын күшейтуді талап еткен азаматтардың үнін қаттырақ естіртті. Ол қаза тапқаннан кейін жарияланған петицияға бірнеше күнде 150 мыңнан астам қол қойған. Бишімбаевтың соты басталған кейін 5 мыңнан астам адам сенаторларға заңды күшейтуді талап етіп, хаттар жолдаған. Нүкенованың қаза табуына байланысты қоғамды дүрліктірген іске Президенттің өзі араласты. Сәуірде әйел мен бала құқығына қатысты қылмыстардың жазасы күшейтілген заң қабылданды. 2017 жылы қылмыс санатынан шығып қалған ұрып-соғу және денсаулыққа болмашы зақым келтіру әрекеттері қайтадан криминализацияланды. Заңда зорлықшыларға жаза күшейіп, кәмелет жасына толмағандарды аңдуға қатысты қылмыстық құқық бұзушылық түрлерін енгізілді. Заң бейресми «Салтанат Заңы» деп аталып жүр.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.