«Сотқа қысым жасау болып есептелуі мүмкін»: судья Нүкенованың туыстарын сұхбат бермеуге шақырды
Прокурор БАҚ пен әлеуметтік желілердегі мақалалар сот процесіне кедергі жасайды деп есептейді
Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырыстарынан кейін БАҚ пен әлеуметтік желілерге тараған материалдар «сотқа қысым» ретінде бағалануы мүмкін. Бұл туралы Бишімбаев ісін жүргізіп жатқан судья Айжан Көлбаева мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Прокурор БАҚ пен әлеуметтік желілердегі мақалалар соттың қалыпты жүруіне кедергі келтіреді деп санайды. Сот прокурордың өтінішін қанағаттандырды.
«Сот отырысынан кейін жарияланған бұқаралық ақпарат құралдарындағы мәлімдемелер сотқа қысым жасау әрекеті ретінде қарастырылуы мүмкін. Осыған байланысты барлық қатысушыларға мұндай әрекеттерден бас тартуды және сот залында өзінің процессуалдық құқығын пайдалануға шақырамын», - деді судья Көлбаева.
Айта кетсек, бүгін Астанада экс-министр Бишімбаевқа қатысты сот отырысы жалғасын тапты.
Еске салайық, 29 наурызда Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өз жұбайы Салтанат Нүкенованы аса қатігездікпен өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың соты өтті. Сотта куәгердің бірі Нүкенова өлген күнгі видеожабалардың қалай өшірілгені туралы айтты. Жәбірленушінің ағасы Айтбек Амангелді Қуандық Бишімбаев пен Салтанат Нүкенованың қалай танысып, қалай аралары суығаны, олардың арасындағы ұрыс-жанжал туралы айтып, қарындасының бет-аузы көгерген суретін көрсетті. Сонымен бірге, қарындасы өлтірілген қаралы түнді есіне алды.
27 наурызда 12 алқабидің қатысуымен бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың негізгі сот отырысы өткен.
Күдікті Қ.Бишімбаевқа тағылған айып:
ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігінің 5) тармағы, адам өлтіру, басқа адамға қатысты құқыққа қарсы қасақана аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру, ҚК-нің 110-бабы 2-бөлігінің;
1) тармағы бойынша кiнәлi адамға материалдық жағынан тәуелдi адамға қатысты жүйелі түрде ұрып-соғу немесе өзге де зорлық-зомбылық әрекеттері арқылы физикалық және психикалық қинау фактісі бойынша айып тағылған.
Күдікті Бақытжан Байжановқа тағылған айып:
ҚК-нің 432-бабы, аса ауыр қылмысты күні бұрын уәделеспей жасырып қалу және ҚК-нің 434-бабы, белгілі аса ауыр қылмыс жасағаны туралы хабарламау фактісі бойынша айып тағылған.
2023 жылдың қарашасында экс-министрге өз әйелі Салтанат Нүкенованы ұрып өлтірді деген айып тағылды. Оған ҚР ҚК 110-бабының 2-бөлігі (Азаптау) және 99-баптың 2-бөлігі (Аса қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру) бойынша айып тағылған. Егер қылмысы дәлелденсе экс-министр 20 жылға дейін сотталуы мүмкін.