"Жүрегім ауырып, қайғырамын". Бақытжан Байжанов Салтанаттың туыстарынан кешірім сұрады

Темірхан Айжан

"Қуандық Бишімбаевтың мінезі қиын, өте қызуқанды адам" дейді Бақытжан Байжанов сот отырысында

"Жүрегім ауырып, қайғырамын". Бақытжан Байжанов Салтанаттың туыстарынан кешірім сұрады
Фото: видеодан кадр

Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында әйелін азаптап өлтірді деген айыппен ұсталған бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев пен оның қылмысын жасырды деген айып тағылған Бақытжан Байжановқа қатысты сот отырысы аздаған үзілістен кейін қайта жалғасты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Бұл жолы Байжанов куәлік берді. Үзілістен кейін сот отырысы судья Айжан Құлбаеваның төрағалығымен жалғасты. Бұған дейін Бишімбаевтың адвокаттары судьяны істен шеттетуді талап еткен болатын.

«Осы сұмдық оқиғадан қабырғасы қайысып отырғандарға шын жүрегіммен жаным ашиды. Салтанаттың туған-туыстарына көңіл айтамын. Маған сенбейтін шығарсыздар, бірақ менің шынында жүрегім ауырып, қайғырамын. Өйткені мен Салтанатты өте жақсы қырынан танитынмын. Мен бәрінен кешірім сұраймын. Ең бірінші, Салтанаттың туыстарынан, достарынан, өзімнің ата-анамнан, жұбайым мен балаларымнан кешірім сұраймын. Мен жауапкершілікті толықтай мойныма аламын. Сол қайғылы күні жағдайды толық түсініп, бағамдай алмағаным үшін өкінемін», - деді Байжанов.

Ол 9 қарашада Салтанаттың көзі ісіп тұрғанын көрген.

«Сол күні мен Салтанатты бірнеше рет көрдім. Таңертең Салтанаттың сол көзі ісіп тұрғанын байқадым. Кабинка астаң-кестеңі шығып жатты. Кабинканың ішіндегі дәретхананың есігі сынған. Мен осының бәрін көрдім. Таңертең "Гастроорталыққа" келгенімде, Бишімбаевтың ішімдік ішіп, жанжал шығарғанын, Салтанатты кезекті рет ұрғанын білдім. Маған бұл туралы "Гастроорталыққа" келгенше айтылған. Бірақ мен ол кезде жағдайдың қаншалықты ушыққанын түсінбедім, Салтанаттың басына сонша қауіп төнгенін білмедім, өмір мен өлім мәселесі екенін сезбедім. Ол үшін ақталмаймын. Мен шынында не болғанын көрмедім, не болғанын түсіне алмадым. Бұл менің кінәм. Қазір сол үшін қатты өкінемін. Егер дұрыстап ойланғанда, жағдайды түсінер едім. Енді айтар сөзім жоқ, осы үшін мен Салтанаттың туған-туысының алдында кінәлімін. Өмір бойы өкініп өтемін. Салтнаттың жақындары менің уақытында оған жәрдем бере алмағаным үшін кешіреді деген ойға сенгім келеді. Салтанат мейрамханаға жиі келетін. Ол бізге үнемі мейіріммен қарады. Мейрамхананың жұмысшылары ешқашан Салтанаттың менмендігін, дөрекілігін көрген емес. Ұжымдағы кез-келген адам осы сөзімді растай алады деп ойлаймын», - деді сотталушы.

Байжанов өзінің қарапайым отбасыннан шыққанын, ата-анасы мен бауырлары барын, өзінің отбасы мен кішкентай балалары барын айтып өтті.

«Гастроорталықтың директоры ретінде 2023 жылдан бері жұмыс істедім. Бишімбаевтың бүкіл ісімен мен айналыстым. Оның пәтер жөндеу, бір мамандарды тауып беру, балаларын тасу, біреуді көлікпен күтіп алу сияқты бүкіл жеке шаруасын мен атқардым. Бишімбаев маған әкем жағынан алыс туысым болып келеді. Ата-бабамыз бір туған. Ол менен 10 жасқа үлкен. Мені інісі ретінде өзінің отбасылық және жеке істеріне қатыстыра алатын. Оның мінезі қиын, өте қызуқанды адам. Ол күн, түн деместен хабарласатын, ол телефон соққанда алуға мінддетісің, үнемі байланыста болуың керек», - деді ол.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.