$ 513  541.16  4.69
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Бишімбаев ісі: Айтбек Амангелді сотта қарындасы көз жұмған түн туралы айтып берді

Салтанат Нүкенова қайтыс болар алдында ағасына хабарласып, Бишімбаевтан кететінін айтқан

Бишімбаев ісі: Айтбек Амангелді сотта қарындасы көз жұмған түн туралы айтып берді
видеодан скриншот

Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өз жұбайы Салтанат Нүкенованы аса қатігездікпен өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың соты жалғасты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді қарындасы қайтыс болған түн туралы айтып берді.

Салтанат Нүкенова 2023 жылы 9 қарашаның түнінде ағасына хабарласып, Қуандық Бишімбаевтан кететінін айтып, ағасы Айтбек Амангелдінің үйіне қонуға баратынын ескертеді. Бірақ Салтанат Нүкенова ағасының үйіне сол қалпы бара алмай қалады. Айтбек қарындасына хабарлама жібереді. Таң атқан соң да хабарласып көреді, Салтанаттан хабар болмайды. Сол күні кешкі уақытта Салтанаттың құрбысы Айтбекке хабарласады.

«Ол қорыққан дауыспен «Бұл рас па?» деп сұрай берді. Мен не болғанын сұрадым. Содан кейін ол «саған whatsapp-тан жіберемін» деді. Ол жерде 9 қарашада Қуандық Бишімбаев Салтанат Нүкенованы Bau ресторанында өлтірді деген хабарлама тұрды. Мен оған сенбедім, жалған ақпарат шығар деп, тексере бастадым», - деді Айтбек Амангелді.

Айтбек тағы да Салтанатқа хабарласады, бірақ одан ешбір хабар болмайды. Дереу оның үйіне барады, ол жерден ешкімді таппайды. Содан кейін полицияға хабарласып, оқиғаның шын екеніне көзі жетеді. Салтанаттың денесі Гастроорталықта екенін естиді. Айтбек Гастроорталыққа келеді.

«Bau мейрамханасына келдім. Тергеушілерге Салтанаттың ағасы екенімді айттым. Олар Салтанаттың көз жұмғанын айтты. Жоғары жақта криминалистер бар екенін ескертіп, мені ол жерге жібермеді. Мен отырып, өз-өзімді қолға алып, әкеме естірттім. Салтанатты өлтіріп тастады дедім. Арғы жағынан анамның ойбайлаған дауысы шықты», - деді Айтбек Амангелді.

Айта кетсек, 27 наурызда 12 алқабидің қатысуымен бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың негізгі сот отырысы өткен.

Күдікті Қ.Бишімбаевқа тағылған айып:

ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігінің 5) тармағы, адам өлтіру, басқа адамға қатысты құқыққа қарсы қасақана аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру, ҚК-нің 110-бабы 2-бөлігінің;

1) тармағы бойынша кiнәлi адамға материалдық жағынан тәуелдi адамға қатысты жүйелі түрде ұрып-соғу немесе өзге де зорлық-зомбылық әрекеттері арқылы физикалық және психикалық қинау фактісі бойынша айып тағылған.

Күдікті Бақытжан Байжановқа тағылған айып:

ҚК-нің 432-бабы, аса ауыр қылмысты күні бұрын уәделеспей жасырып қалу және ҚК-нің 434-бабы, белгілі аса ауыр қылмыс жасағаны туралы хабарламау фактісі бойынша айып тағылған.

2023 жылдың қарашасында экс-министрге өз әйелі Салтанат Нүкенованы ұрып өлтірді деген айып тағылды. Оған ҚР ҚК 110-бабының 2-бөлігі (Азаптау) және 99-баптың 2-бөлігі (Аса қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру) бойынша айып тағылған. Егер қылмысы дәлелденсе экс-министр 20 жылға дейін сотталуы мүмкін.

Серіктес жаңалықтары