Бишімбаев ісі: Балаева журналистердің сот залына кіргізілмеуіне қатысты пікір білдірді

Ол министрліктің журналистерді қажетті орынмен қамту жұмысын жүргізетінін жеткізді

Бишімбаев ісі: Балаева журналистердің сот залына кіргізілмеуіне қатысты пікір білдірді
Фото: primeminister.kz

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қуандық Бишімбаевтың ісі қаралып жатқан сот залына журналистердің кіргізілмеуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Ведомство басшысы министрліктің әрқашан журналист құқықын шектеуге жол бермеу, ақпаратқа еркін қол жеткізуді қамтамасыз ету және обиективті ақпарат тарату ұстанымын берік сақтайтынын атап өтті.

«Бұл ретте кешегі сот отырысында арнайы орынның болмауына байланысты БАҚ өкілдері сот отырысын белгіленген бөлек бөлмеде отырып көрді. Алайда БАҚ өкілдеріне тиісті орындар болуы керек. Осы жағдайды ескере отырып, министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, журналистерді қажет орындармен қамту жұмысын жүргізетін болады», - деп жазды А. Балаева.

Министр БАҚ өкілдерін сот процесін жариялау кезінде бірқатар этикалық аспектілерді, атап айтсақ, заң үстемдігін, бейтарап әділеттілікті ескеріп, жалған ақпараттың таралуынан және кез келген формада сот қызметіне араласудан сақ болуға шақырды.

Айта кетейік, 11-12 наурызда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өз әйелін қорлап өлтірді деген айып тағылған бұрынғы экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын-ала сот тыңдалымы өтті. Сотталушы өз кінәсін мойындамайтынын айтып, ашық алқабилер сотын тағайындауды сұрады. Сот оның өтінішін қанағаттандырды. Ашық сот отырысы алқабилердің қатысуымен 2024 жылғы 27 наурызда сағат 10.00-де Астана қаласында өтеді.

Тақырыпқа орай: Атышулы Бишімбаев: белгілі заңгер Абзал Құспан даулы істің алқабилерге өтуіне пікір білдірді

Экс-министрге ҚР ҚК 110-бабының 2-бөлігі (Азаптау) және 99-баптың 2-бөлігі (Аса қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру) бойынша айып тағылған. Егер қылмысы дәлелденсе экс-министр 20 жылға дейін сотталуы мүмкін.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.