$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Атышулы Бишімбаев: белгілі заңгер Абзал Құспан даулы істің алқабилерге өтуіне пікір білдірді

Абзал Құспан алқабилер сотының өту процесін айтты

Атышулы Бишімбаев: белгілі заңгер Абзал Құспан даулы істің алқабилерге өтуіне пікір білдірді
Коллаж: Azattyq Ruhy

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан атышулы «Бишімбаев ісінің» алқабилер сотының қарауына берілгеніне байланысты журналистердің сұрағына жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Журналистер депутатқа Мәжіліс кулуарында «қоғам тарапынан сотталушыға жеңіл жаза қолданылуы мүмкін деген күдік бар, алқабилер соты Бишімбаев ісінде қаншалықты әділ шешім қабылдай алады?», - деген сұрақ қойды.

Абзал Құспан алаңдауға еш негіз жоқ екенін жеткізді.

«Алқабилер – осы қоғамның өкілдері. Ол жерде бір кәсіби судья және алқабилер болады. Сұрағыңыздың өзегінде қандай да бір сыбайлас жемқорлыққа жол беріліп кетпей ме, сатып алмай ма деген қауіп барын көріп тұрмын. Өзіңіз айтыңызшы, адамды сатып алған оңай ма, әлде он адамды сатып алу оңай ма? Біз бір судьяға сенбейтін болсақ, алқабилерге де сенбейтін болсақ, шешімді кім шығаруы керек», - деді депутат.

Абзал Құспан алқабилер сотының өту процесін айтты.

«Қазіргі қолданыстағы Қылмыстық кодекс бойынша, қылмыстық істі қарау аяқталған соң залда судья мен алқабилер қалады. Олар сотталушының кінәлі, кінәлі емес екеніне дауыс береді, он алқабидің алтысы «кінәлі емес» десе, сотталушы босап шығады», - деді ол.

Сонымен қатар ол істі алқабилер сотында қарау туралы өтінішті тек сотталушы бере алатынын айтты.

Айта кетейік, 11-12 наурызда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өз әйелін қорлап өлтірді деген айып тағылған бұрынғы экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын-ала сот тыңдалымы өтті. Сотталушы өз кінәсін мойындамайтынын айтып, ашық алқабилер сотын тағайындауды сұрады. Сот оның өтінішін қанағаттандырды. Ашық сот отырысы алқабилердің қатысуымен 2024 жылғы 27 наурызда сағат 10.00-де Астана қаласында өтеді.

Тақырыпқа орай: Бишімбаевтың ісі: Салтанат Нүкенованың басынан 12-13 мәрте қатты затпен ұрған

Экс-министрге ҚР ҚК 110-бабының 2-бөлігі (Азаптау) және 99-баптың 2-бөлігі (Аса қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру) бойынша айып тағылған. Егер қылмысы дәлелденсе экс-министр 20 жылға дейін сотталуы мүмкін.

Серіктес жаңалықтары