«Кеуде қуысын ашпай»: дәрігерлер 98 жастағы науқастың жүрегіне ота жасады
Операцияны Алексей Колесников, Алмат Қалжанов және Нұржан Теменов бастаған дәрігерлер тобы жүргізді
Қазақстандық кардиохирургтер 98 жастағы пациенттің жүрегіне күрделі ота жасап, зақымданған жүрек қақпақшасын сәтті ауыстырды. Бірегей медициналық операцияны Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының дәрігерлер тобы орындады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Науқасқа аорталық стеноз диагнозы қойылған. Бұл — жүрек қақпақшасының тарылуы салдарынан қан айналымы бұзылып, жүрек жеткіліксіздігіне әкелуі мүмкін ауыр дерт. Пациенттің жасын ескерген мамандар аз инвазивті TAVI технологиясын қолдану туралы шешім қабылдаған.
Бұл әдістің ерекшелігі — кеуде қуысын ашып, жасанды қан айналымы аппаратын пайдаланудың қажеті жоқ. Жаңа жүрек қақпақшасы сан аймағындағы кішкентай тілік арқылы орнатылады. Күрделі ота небәрі 45 минутқа созылып, еш асқынусыз аяқталған.
Операцияны Алексей Колесников, Алмат Қалжанов және Нұржан Теменов бастаған дәрігерлер тобы жүргізді.
Институт басқарма төрағасы Рүстем Төлеутаевтың айтуынша, заманауи технологиялар жасы келген науқастардың өмір сапасын жақсартуға зор мүмкіндік беріп отыр.
«Бес жыл бұрын дәл осындай операцияны 94 жастағы пациентке, ал төрт жыл бұрын 96 жастағы науқасқа сәтті жасадық. Енді 98 жастағы пациентке де көмек көрсеттік», — деді Рүстем Төлеутаев.
Қазір пациент дәрігерлердің тұрақты бақылауында.
