Үш рет психологтың алдынан өтеді: запастағы майор Қазақстандағы әскери қызметті шетелдік тәжірибемен салыстырды
Ернар Жанахметовтің айтуынша, елімізде зейнетке шыққандар мен денсаулығына байланысты әскерден керткендерге ғана азын-аулақ көмек көрсетіледі
Қазақстанда әскери қызметшілерге запасқа шығар алдында азаматтық өмірге дайындалуға 6 ай уақыт беріледі. Сол аралықта кем дегенде 3 рет психологпен кездесіп, 1 сағаттан сеансқа қатысады. Берілген уақыт негізінен құжат жинаумен өтіп кетеді. Запасқа шыққаннан кейін олар жұмыс іздеу, жаңа мамандық игеру, азаматтық ортаға үйрену сияқты мәселелермен бетпе-бет келеді. Azattyq Rýhy тілшісіне сұхбат берген запастағы әділет майоры, практик заңгер Ернар Жанахметов әскери қызметшілерді жұмыстан босатуға дейін бір-екі жыл бұрын дайындап, қызметтен кеткен соң да кемінде бір жыл қолдау көрсету керек дейді.
Қазір әскери зейнеткерлерге қандай қолдау бар?

Қолданыстағы тәртіп бойынша әскери қызметшіге алты ай бұрын жазбаша хабарланады. Осы уақыт ішінде оның азаматтық өмірге бейімделуіне көмектесетін шаралар жүргізіледі. Атап айтқанда, әскери қызметші психологпен кемінде үш рет кездеседі. Әр кездесу бір сағатқа созылады. Мамандар оның психологиялық жағдайын бағалап, алдағы өміріне қатысты бағыт-бағдар береді. Сондай-ақ әскери қызметші азаматтық мамандық игеру үшін оқу орнын өзі таңдай алады. Бірақ оқу ақысын өз қалтасынан төлейді. Оқу кезінде 40 күнге дейін қызметтік міндетін атқарудан босатылып, жалақысы мен тұрғын үй төлемдерін сақталады. Бұдан бөлек, жоғары білімі және кемінде 10 жыл еңбек өтілі бар офицерлер мен аға және жоғары сержанттар әскери оқу орындарында тегін, қашықтан педагогикалық қайта даярлаудан өте алады. Оқуды аяқтағандарға мектепте алғашқы әскери даярлық пәнінен сабақ беруге рұқсат беретін мерзімсіз куәлік беріледі.
Ернар Жанахметов бұл шаралар әскери қызметшілердің азаматтық өмірге толық бейімделуіне жеткіліксіз деп есептейді. Оның айтуынша, психологиялық көмек қызметтен босатылғаннан кейін де жалғасып, жаңа мамандық игергісі келетін азаматтардың оқу ақысын мемлекет көтеруі керек.
«20-25 жыл әскери қызмет атқарған адам үшін психологпен үш рет кездесу аздық етеді. Оның үстіне көмек қызметтен босатылған соң тоқтайды. Өмірдің қиындығы дәл сол кезде басталады. Сондықтан запасқа шығардан алты ай бұрын психологиялық қана емес, кәсіби, құқықтық және қаржылық дайындық жүргізілуі керек. Қызметтен кеткеннен кейін де кемінде бір жыл қолдау көрсету қажет», - дейді ол.
Заңгер әскери қызметшілерді азаматтық өмірге бейімдеуде шетелдік тәжірибені ескеру қажет екенін айтады. Оның сөзінше, АҚШ пен Ұлыбританияда әскери қызметшілерді жаңа өмірге дайындау жұмысы қызметтен босатылардан бір-екі жыл бұрын басталады. Қызметтен кеткеннен кейін де оларға қолдау көрсетіледі. Германияда келісімшартпен қызмет ететін әскери мамандарға әскерден кетпей тұрып-ақ азаматтық мамандық игеруге мүмкіндік беріледі. Ернар Жанахметовтің айтуынша, 2025 жылы Германияда жұмыс іздеген бұрынғы әскери қызметшілердің 93 пайызы жұмысқа орналасқан.
«Бізге де осындай тәжірибені зерттеп, еліміздің жағдайына бейімдеу керек. Әскери қызметші жаңа мамандықты запасқа шыққаннан кейін ғана емес, әлі қызметте жүрген кезінде игере бастауы қажет. Ол азаматтық ортамен араласып, еңбек нарығындағы мүмкіндіктерді білгені жөн. Сонда қызметтен кеткен соң жаңа өмірге бейімделуі жеңілдейді», – дейді заңгер.
Әскери ортадан кеткендер қорға қандай мәселемен келеді?
Астанада бұрынғы әскери қызметшілерді азаматтық өмірге бейімдеу бағытында «Әскери интеграциядан кейінгі қоғамдастық» қоғамдық қоры жұмыс істейді. Қор заңгерлік кеңес беріп, психолог пен коуч көмегін ұсынады. Сондай-ақ жұмыс табуға, қаржылық сауаттылықты арттыруға және кәсіп ашуға көмектеседі.
«Бізге зейнетке шыққан офицерлер де, келісімшарты аяқталған соң кеткен жастар да келеді. Олардың отбасы мүшелеріне де көмектесеміз. Үш жылға жуық уақытта қорға екі мыңнан астам өтініш түсті. Көбіне тұрғын үй, зейнетақы, жұмысқа орналасу, қызметтен босатуға қатысты мәселелермен жүгінеді. Біздің көмегімізбен 200-ден астам адам жұмысқа орналасты», – дейді Ернар Жанахметов.
Оның айтуынша, әскери қызметшілердің арасында тұрғын үй, зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерге қатысты құқықтарын білмейтіндер бар.
«Әскери ортадан алыстаған соң психологиялық тұрғыдан қиналатындар бар. Мұндайда отбасы да қиындық көреді. Мысалы, әскери қызметшінің жұбайы онымен бірге бір гарнизоннан екіншісіне көшіп жүріп, өзінің мамандығы бойынша жұмыс істей алмайды», – дейді заңгер.
Қорғаныс министрлігінің дерегінше, 2020–2023 жылдары әскерден 17 мыңнан астам адам кеткен. Олардың басым бөлігі келісімшарт бойынша қызмет еткендер, демек, әскери қызметтен кеткендердің бәрі бірдей зейнетақы алатын азаматтар емес. Келісімшарты аяқталған жастардың бір бөлігі зейнетақысыз әрі бейімдеу бағдарламаларына қатыса алмай қалады.
Әскери тәжірибе еңбек нарығында бағаланбайды
Ернар Жанахметовтің сөзінше, бұрынғы әскери қызметшілердің такси жүргізушісі немесе күзетші болып жұмыс істеуінде тұрған ештеңе жоқ. Алайда олардың жылдар бойы жинаған тәжірибесі мен кәсіби біліктілігі ескерусіз қалмауы керек.
«Адал еңбектің ұяты жоқ. Бірақ жүздеген адамды басқарған, техника мен қаржыға жауап берген адамның тәжірибесі пайдаланылмай жатса, бұл мемлекетке де шығын. Мәселе – әскери тәжірибені азаматтық ортаға түсінікті етіп жеткізе алмауымызда болып отыр. Мысалы, түйіндемеде «батальон командирі» деп жазылғанымен, жұмыс беруші оның қандай міндеттер атқарғанын бірден түсінбеуі мүмкін. Сондықтан әскери мамандықтарды азаматтық кәсіптермен сәйкестендіру қажет. Сонда жұмыс беруші адамның қандай жұмысқа қабілетті екенін түсінеді. Такси жүргізу уақытша шешім болуы мүмкін. Ең бастысы – уақытша жұмыс адамның тұрақты кәсібіне айналып кетпеуі керек», – дейді ол.
Әскери ортадан алыстау адамның психологиялық жағдайына да әсер етеді. Кейбір азаматтарда ұйқысыздық, ашушаңдық, тұйықталу байқалса, уақыт өте келе ішімдікке, бәс тігуге тәуелділік немесе қарызға бату сияқты мәселелер туындауы мүмкін.
«Бұл әскери қызметшілердің әлсіздігі емес. Адам бір күнде үйренген ұжымынан, тәртібінен және бұрынғы мәртебесінен айырылады. Мұндай өзгеріс кез келген адамға ауыр тиеді. Оны көбіне алдымен отбасы байқайды. Сондықтан қиындықты іште сақтамай, уақытында маман көмегіне жүгіну керек. Психологқа баруды намыс көрмеу керек. Біздің қорда да психолог пен коуч жұмыс істейді. Ең бастысы, адам бұл кезеңде жалғыз қалмауы керек», – дейді Ернар Жанахметов.
45 жастан кейін жаңа мамандық игеру мүмкін бе?
Әскери қызметтен кеткен азаматтарды қайта даярлау кезінде олардың жасы мен бұрынғы тәжірибесін ескеру қажет. Ернар Жанахметовтің пікірінше, 45 жастан асқан адамға жаңа мамандықты нөлден үйреткеннен гөрі, әскери қызметте жинаған білімі мен дағдысын азаматтық салада қолдануға мүмкіндік берген тиімді.
«Қазір әскери қызметші азаматтық мамандық игеру үшін оқу ақысын өз қалтасынан төлейді. Тегін қайта даярлау негізінен мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ беруге бағытталған. Бірақ бәрі бірдей мұғалім бола алмайды. 45 жастағы адамға мамандықты нөлден бастаудың қажеті жоқ. Оның басқару, логистика, техника, байланыс салаларында тәжірибесі бар. Оған қысқа мерзімді оқу курсы мен біліктілігін растайтын құжат қажет. Адамның оқуға деген ынтасы жасына емес, алдына қойған мақсатына байланысты. Егер оқу жұмысқа орналасуға мүмкіндік берсе, ол білім алуға дайын тұрады», – дейді заңгер.
Ол азаматқа курсты аяқтағаны туралы құжат берумен шектелмей, жаңа мамандығы бойынша жұмыс табуға да көмектесу қажет екенін айтты.
Жанахметовтің айтуынша, әскери қызметтен кейінгі бейімделудің ең қиын кезеңі – алғашқы бір-екі жыл. Қызметтен кетуге алдын ала дайындалған, отбасының қолдауы мен баспанасы бар адам жаңа ортаға тезірек үйренуі мүмкін. Ал күтпеген жерден қызметтен босатылып, қолдаусыз қалған азаматқа көбірек уақыт қажет.
«Сондықтан қызметтен босатылғаннан кейін де кемінде бір жыл бойы қолдау көрсетілуі керек. Мысалы, Ұлыбританияда бұрынғы әскери қызметшілерге қызметтен кеткен соң екі жылға дейін көмек көрсетіледі. Біз де осындай тәжірибені ескеруіміз қажет», – дейді ол.
Бұрынғы әскери қызметшілердің қаншасы жаңа мамандық игеріп, кәсіп ашатыны жөнінде Қазақстанда бірыңғай есеп жоқ. Ернар Жанахметов мұндай мәліметтерді жинау қажет дейді. Қор кәсіп ашқысы келетін азаматтарға бизнес негіздерін үйретеді. Қазір ұйымның көмегімен жұмысқа орналасқандар саны 200-ден асады.
