Бүгін, 12:42
Қоғам

Ең кішісі небәрі 12 жаста – Бас прокуратура Алматыда 7 және 9-сыныпта оқитын үш оқушы қызды қолға түсірді

Олар есірткі жасырды деген күдікке ілініп отыр

Ең кішісі небәрі 12 жаста – Бас прокуратура Алматыда 7 және 9-сыныпта оқитын үш оқушы қызды қолға түсірді
Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Алматыда үш оқушы қыз есірткі жасырды деген күдікпен қолға түсті. Бас прокуратураның мәліметінше, олардың жасы небәрі 12, 14 және 15-те. Бәрі де мектепте, 7 және 9-сыныпта оқитын оқушылар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жалпы, есірткі қылмыстарының салдары туралы ескерткен Бас прокуратура бұл ауыр қылмысты «оңай олжа» көретіндер қанша жасырынса да бәрі бір ұсталатынын мәлімдеп отыр.

«Есірткі бизнесіне қатысы бар адамдар интернетте анонимді болып қаламыз ойлауы мүмкін. Бірақ, есірткі сататын интернет-дүкендерге кіріп, олардың әкімшілерімен хат алмасқаныңыздың өзі цифрлық із қалдырады», - деп хабарлайды  Бас прокуратура.

Сондықтан, Бас прокуратура ескертіп отырғандай, полиция «закладчиктер» мен курьерлерді қалай болса да табады.

Ең өкініштісі, есірткі жасыратындардың жасы барған сайын «жасарып» бара жатқан секілді. Оған прокуратураның ұсынып отырған мына мәліметі дәлел.

«Мәселен, Алматы қаласында есірткі заттарын өткізу мақсатында заңсыз сақтау және оларды жасырын орындарға тығып кетті деген күдікпен 15, 14 және 12 жастағы үш қыз бала ұсталды. Олар 7 және 9-сынып оқушылары. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр», - деп хабарлайды Бас прокуратура.