Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн: Шымкентте «Әйел – әйелге тірек» атты тағылымды іс-шара өтті
Жиын қалалық Жастар саясаты басқармасының бастамасымен өткен
Шымкент қаласындағы Жастар ресурстық орталығында «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» халықаралық науқаны аясында «Әйел – әйелге тірек» атты ауқымды кездесу ұйымдастырылды. Қалалық Жастар саясаты басқармасының бастамасымен өткен жиын әйелдердің құқықтарын қорғауға, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға және жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Шымкент әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Басқосуға Полиция департаментінің, аудан әкімдіктері мен Отбасын қолдау орталығының өкілдері, Гендерлік комиссия мүшелері және қала жастары қатысты. Кездесудің шымылдығы мазмұнды сахналық қойылымдармен ашылды. М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің студенттері әйелдердің өмірлік қиындықтарын арқау еткен «Алты тағдыр» театрландырылған көрінісін сахналаса, Саз колледжінің жастары нәзік жандылардың рухы мен бірлігін дәріптейтін «Еркіндік биін» орындады.
Іс-шараның негізгі бөлімі «Әйел құқығы – қоғам құндылығы» тақырыбындағы ашық пікір алмасуға ұласты. Полиция қызметкері, дәрігер, психолог, кәсіпкер және қоғам белсендісі бас қосқан алаңда отбасындағы қауіпсіздік, дағдарыс жағдайына тап болған жандарға психологиялық әрі құқықтық көмек көрсету жолдары жан-жақты талқыланды.

«Қазақстан Республикасы Әйелдер кеңесі» ҚБ Шымкент қалалық филиалының төрайымы Баян Жандосова бұл бағытта тек заңнамалық өзгерістермен шектелмей, қоғамдық белсенділікті күшейту маңызды екенін атап өтті.
«Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу ісімен көп жылдан бері айналысып келемін. Бүгінде заңнамаға маңызды өзгерістер енгізілді: бұрын жәбір көрген әйел балаларын алып, үйінен кетуге мәжбүр болса, қазір заң аясында агрессорды оқшаулау тетіктері бар. Бұл – қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі үлкен қадам. Дегенмен, мәселені тек заңмен шешу жеткіліксіз. Әр әйел өз құқығын біліп, ал қоғам зорлық-зомбылыққа бейжай қарамауы тиіс», – деді Баян Жандосова.
Кездесу барысында Полиция департаментінің арнайы жасақ қызметкерлері қауіпсіздік пен құқық қорғау қызметінің маңызын паш ететін арнайы көрініс көрсетті. Кеш соңы «Бірге біз күштіміз!» музыкалық композициясымен және қатысушыларды біріктірген флешмобпен түйінделді.
Мамандардың айтуынша, әйелдердің құқығы мен қауіпсіздігін қорғау – жекелеген мекемелердің ғана емес, тұтас қоғамның ортақ жауапкершілігі. Өзара қолдау мен жанашырлық мәдениетін қалыптастыру арқылы ғана әділетті әрі қауіпсіз орта құруға болады.
