Алматыдағы оқиға: Атакенттегі атыс тұрғындардың зәресін ұшырды (ВИДЕО)

Полиция күдіктіні ұстап, пәтерінен бөлшектелген мылтық, 100 оқ-дәрі және екі гильза тәркіледі

Алматыдағы оқиға: Атакенттегі атыс тұрғындардың зәресін ұшырды (ВИДЕО)
Фото: istockphoto.com

Алматыда «Атакент» маңында атыс болғаны туралы хабар полицияға түсті. Оқиға куәгері велосипед мінген ер адамның мылтықтан оқ атып, кейін оқиға орнынан қашып кеткенін айтқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.

Түнгі сағат екі шамасында Бостандық аудандық полиция басқармасына атыс болғаны туралы хабар түскен. Оқиға «Атакент» маңында тіркелген. Куәгердің айтуынша, дулыға киген белгісіз ер адам мылтыққа ұқсас заттан оқ атқан. Кейін велосипедпен оқиға орнынан ізін суытқан.

Оқиға орнына келген «Буран – 431» патрульдік экипажының қызметкерлері айналаны тексеріп, күдіктінің ізіне түскен. Көп ұзамай оны пәтерлердің бірінен ұстады.

«Пәтерді тінту кезінде бөлшектелген тегіс ұңғылы мылтық, 100 оқ-дәрі және екі гильза табылды. Барлық қару мен оқ-дәрі тәркіленді», - деп мәлімдеді Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі. 

Қазір түнгі оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Куәгер айтқандай, шынымен де оқ атылды ма, жоқ па? Оған тергеу барысында жауап беріледі.