Өтірік ауырып, түрмеден ерте шықпақ болған: Кәрім Көкірекбаевқа қатысты ресми мәлімет тарады

Оның сырқаты түрмеден ерте босап шығатындай дәрежеде болмаған

Өтірік ауырып, түрмеден ерте шықпақ болған: Кәрім Көкірекбаевқа қатысты ресми мәлімет тарады
Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Бүгін бірқатар ақпарат құралында «Қазселденқорғау» мекемесінің басшысы бола тұра аса ірі көлемде пара алды деп айыпталған Кәрім Көкірекбаевтың түрмеден ерте босап шыққаны туралы ақпарат тараған еді. Ол былтыр ғана 12 жылға сотталған болатын, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алматы облысының соттары Кәрім Көкірекбаев түрмеден ерте босамайтынын және ол ауруын сылтауратып ерте босамақ болғанын мәлімдеді. Яғни, Алматы облыстық соты Көкірекбаевты ауруына байланысты жазасын өтеуден босату туралы қаулының күшін жойып тастаған.

Оны жазасын одан әрі өтеуден заңсыз босатқан Алатау қаласы соты болып шықты.

«Алматы облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы апелляциялық тәртіппен Алатау қаласы сотының сотталған К.-ны ауыр науқастануына байланысты жазасын одан әрі өтеуден босату туралы қаулысының заңдылығын тексерді. Апелляциялық сатыдағы сот істі қарау барысында бірінші сатыдағы соттың заң талаптарын өрескел бұзғанын анықтады», - деп хабарлайды Алматы облысының соттары.

Дәлірек айтқанда, Көкірекбаевтың ауруы жазасын өтеуден босатуға негіз болатын аурулар тізбесіне сәйкес келмейді.

«Істі қарау қорытындысы бойынша Алатау қаласы сотының қаулысының күші жойылды», - деп хабарлайды Алматы облысының соттары.

Бұдан басқа облыстық Алматы облысының соттары бірінші сатыдағы сот отырысына қатысқан прокурор мен қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің өкіліне қатысты, сотталған адамды жазадан босату қажеттілігі туралы негізсіз қорытынды бергені үшін Алматы облысының прокуратурасы мен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің атына жеке қаулы шығарды.

Естеріңізге сала кетейік, былтыр Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алқабилердің қатысуымен Кәрім Көкірекбаев, оның орынбасары Әділет Ахатаев және мердігер Андрей Поплавскийге қатысты қылмыстық іс қарап, оларды ұзақ жылға соттаған болатын.