СҚО-да жабылған тасжолдардағы қозғалыс қайта ашылды

Сағат 13:00-де барлық көлік түрі үшін жол ашылды

СҚО-да жабылған тасжолдардағы қозғалыс қайта ашылды
Фото: © istockphoto.com

Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында ауа райының қолайсыздығына байланысты жабылған республикалық маңызы бар автожол учаскелерінде көлік қозғалысы қайта жанданды. 2026 жылғы 22 қарашада сағат 13:00-де барлық көлік түрі үшін жол ашылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «ҚазАвтоЖол» ҰК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Айта кетейік, бұған дейін ауа райының күрт бұзылуына байланысты аталған облыстардағы республикалық маңызы бар бірнеше автожол учаскесінде көлік қозғалысына шектеу енгізілген болатын. Жолдар 12:00-де жабылып, бір сағаттан кейін қозғалыс қайта ашылды.

Ресми мәліметке сәйкес, Солтүстік Қазақстан облысында үш автожол учаскесінде қозғалыс қайта қалпына келтірілді.

Атап айтқанда, «Қостанай – Мамлютка» автожолының 226–406 шақырым аралығы, яғни Қостанай облысының шекарасы мен Мамлютка қаласының арасындағы учаске ашылды. Сондай-ақ «Петропавл – Соколовка – РФ шекарасы» автожолының 11–73 шақырым аралығында, Петропавл қаласы мен Ресей шекарасы арасында көлік қозғалысы қайта жанданды.

Бұдан бөлек, «Астана – Көкшетау – Петропавл – РФ шекарасы» автожолының 491–521 шақырым аралығында, Петропавл мен Мамлютка қалаларының арасындағы жол да ашылды.

Ал Қостанай облысында «Қостанай – Мамлютка» автожолының 163–226 шақырым аралығында, Ұзынкөл ауылы мен Солтүстік Қазақстан облысының шекарасы арасындағы учаскеде көлік қозғалысына қойылған шектеу алынды.

Жүргізушілер жолдардың жағдайы мен қозғалысқа қатысты қосымша ақпаратты тәулік бойы жұмыс істейтін 1403 байланыс орталығына хабарласып біле алады.