Балқаш көлінің ортасында адасып кеткен балықшы құтқарылды
Құтқарушылар балықшыны жағалаудан 24 шақырым қашықтықта, көлдің ортасынан тапқан
Қарағанды облысында Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары Балқаш көлінің акваториясында адасып кеткен ер адамды аман-есен тауып, жағаға жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ресми мәліметке сәйкес, ер адам таңертең Приозерск қаласынан 15 шақырым қашықтықта орналасқан көлге моторлы қайықпен балық аулауға шыққан. Алайда белгіленген уақытта оралмаған соң, оны іздестіру жұмыстары басталды.
Хабарлама түскен бойда оқиға орнына ТЖМ бөлімшелерінің күштері мен арнайы құралдары жұмылдырылды. Құтқарушылар балықшыны жағалаудан 24 шақырым қашықтықта, көлдің ортасынан тапқан. Белгілі болғандай, балық аулау кезінде қайықтың қозғалтқышы істен шығып, ер адам өздігінен жағаға жете алмай қалған.
Құтқарушылар азаматты аман-есен жағаға шығарды. Оның жағдайы қалыпты, медициналық көмекке мұқтаж болмаған.
