Түркістан облысында оқушы қыз 20 жастағы жігітті өлтіргені үшін 8 жылға сотталды
Қыз қылмысқа бір күн бұрын дайындалып, пышақ сатып алған. Сотта айтқан уәжі расталмады
Түркістан облысында 20 жастағы жігітті алдын ала жоспарлап өлтірді деп айыпталған мектеп оқушысына қатысты сот процесі аяқталды. Сот оған сегіз жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Жетінші арнаға» сілтеме жасап.
Қылмыс биыл мамыр айында Түркістан облысының Ленгір қаласында болған. Қараусыз қалған ғимараттан жас жігіттің мәйіті табылған. Осы оқиғаға байланысты көп ұзамай 9-сынып оқушысы ұсталды.
Тергеу дерегінше, қыз қылмысты алдын ала жоспарлаған. Кісі өлтіруден бір күн бұрын пышақ сатып алған. Кейін жігітті кездесуге шақырып, оған бес-алты рет пышақ сұққан. Одан соң мәйітті өртеген.
Сараптама қорытындысы бойынша, марқұмның денесінің үштен бір бөлігін күйік шалған.
Сот отырысында айыпталушы жігіт өзін зорламақ болғанын айтқан. Алайда оның бұл уәжі расталмаған.
Мектеп оқушысы Қылмыстық кодекстің қасақана адам өлтіру үшін жауаптылық көздейтін бабы бойынша кінәлі деп танылды.
