Астанадағы атышулы самса цехы жабылды: журналистерге шабуыл жасаған әйелдің былығы әшкере болды

Ал қызметкерлері медициналық тексеруден де өтпеген болып шықты

Астанадағы атышулы самса цехы жабылды: журналистерге шабуыл жасаған әйелдің былығы әшкере болды
Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Полиция қызметкерлерінің көзінше операторды қағуға оқталған, журналистің микрофоны мен телефонын тартып алған кәсіпкердің цехында жоспардан тыс тексеру жүргізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Айта кетейік, Астанадағы «Samsa Food» цехының видеосы әлеуметтік желіде кең тарап, қоғамда резонанс тудырған еді. Олардың өнімі 300 дүкенге жеткізілетінін естіген жұрттың наразылығы тіпті күшейді. Осы орайда жақында «Жетінші арна» тілшілері мән-жайды анықтау үшін цехқа барған. Алайда сол кезде кәсіпорын басшысы дау шығарып, журналистердің жұмысына кедергі келтірді.

Оқи отырыңңыз: Бес айлық сәбиді өлтірген қылмыскер әлі табылмады: полиция расымен видеоны өшіруді талап еткен бе

Ал «e-Өтініш» порталы арқылы азаматтардан түскен өтініштердің негізінде Астана қаласы Сарайшық ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы тексеру жүргізіп, санитариялық қағидалардың бірнеше рет бұзылғанын анықтады. Ведомство цехтың жұмысы тоқтатылғанын хабарлады.

«Тексеру нәтижелері бойынша 2026 жылғы 19 қарашада жеке кәсіпкерге қатысты жедел ден қою шаралары қолданылды. Қызметтің басталғаны туралы хабарлама берілмеуіне байланысты объектінің қызметіне тыйым салынды. Міндетті медициналық қарап-тексеруден өтпеген жұмыскерлер жұмыстан уақытша шеттетілді», – делінген хабарламада.

Сонымен қатар кәсіпкер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 425-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапқа тартылып, оған айыппұл салынды.

Біздің Instagram және TikTok желісіндегі парақшаларымызға жазылыңыздар.