«Жансейіт Түймебаевтың арқасы»: Тоқаев Серіктестер форумында ҚазҰУ ректоры туралы сөз қозғады
Президент шетелдік университеттердің филиалдары туралы ақпарат берді
Бүгін III Стратегиялық серіктестер форумында сөз сөйлеген президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ғылым және жоғары білім саласындағы жетістіктер туралы айтып, нақты деректерді жария етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Президенттің айтуынша, ғылымды қаржыландыру көлемі айтарлықтай ұлғайып, 590 миллион долларға жеткен. Бүгінде Қазақстанда 132 университет бар, ол оқу орындарында 800 мыңнан астам студент білім алады.
«Соңғы жеті жылда Үкімет білім беру гранттарына бөлген қаржының көлемі екі есе көбейіп, 3,4 миллиард долларға жетті. Сондай-ақ ұдайы артып келе жатқан сұранысты өтеу үшін елімізде 281 студент жатақханасы бой көтерді. Бұл шаруа алдағы уақытта да жалғасады», - деп хабарлады президент.
Сондай-ақ Тоқаев Қазақстанда 11 мемлекеттің жетекші университеттері өз филиалдарын ашқанын айтып, бұл жұмысты атқаруға үлес қосқан тұлғалардың атын атады.
«Елімізде 11 мемлекеттің жетекші университеттері өз филиалдарын ашты. Осы білім ордаларында 12 мыңнан астам студент оқиды, сондай-ақ 1,5 мыңға жуық оқытушы жұмыс істеп жатыр. Олардың қатарында шетелден келген 600-ден астам профессор бар. Қазақстан осы аймақта алғашқы болып Еуропадағы Лиссабон және Азия-Тынық мұхиты аймағындағы Токио конвенцияларына қосылды. Бұл – қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, бұрынғы Білім және ғылым министрі, елші Жансейіт Түймебаевтың арқасы. Соның нәтижесінде енді Қазақстан университеттерінің дипломдары Батыс және Шығыс елдерінде мойындалатын болды», - деп мәлімдеді президент.
Басқа ақпараттарға тоқталған президент былтыр елімізде басқа мемлекеттерден келген 41 мың студент оқып жатқанын, соның ішінде 8 мыңнан астам студент Қазақстанның қаржылай қолдауымен білім алып жатқанын айтып берді.
