Қонаевта 6-сынып оқушысы мектептің үшінші қабатынан екінші қабатына құлап, қаза тапты

Мектеп әкімшілігі бала үзіліс кезінде сатыдан сырғанаған дейді

Қонаевта 6-сынып оқушысы мектептің үшінші қабатынан екінші қабатына құлап, қаза тапты
Фото: istockphoto.com

Алматы облысының Қонаев қаласында оқыс оқиға орын алды: алтыншы сынып оқушысы мектептің сатысынан сырғанап, ауыр жарақат алған. Бала үшінші қабаттан екінші қабатқа құлап, басын жаралаған. Дәрігерлер қолдан келгеннің бәрі жасаса да, бала екі күн өте көз жұмған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл ақпаратты редакциямызға Алматы облысының білім басқармасы растады. Дереккөз оқиғаны толық сипаттаған.

«2026 жылғы 16 қараша күні сағат 13:18-де мектептегі үзіліс кезінде қайғылы жазатайым оқиға орын алды. Мектеп ғимаратының үшінші қабатындағы баспалдақпен сырғанамақ болған оқушы құлап, екінші қабат деңгейіне түскен. Салдарынан бас-миынан ауыр жарақат алды», - деп хабарлайды білім басқармасы.

Мұғалімдер тез арада жедел жәрдем шақырған, бала аса ауыр жағдайға ауруханаға түскен.

«Дәрігерлер екі тәулік бойы 11 жасар баланың өмірін сақтап қалу үшін күресті. Медициналық көмек көрсетуге республикалық, қалалық және облыстық деңгейдегі жетекші балалар нейрохирургтері жұмылдырылды. 17 қараша күні өмірлік көрсеткіштер бойынша шұғыл операция жасалды. Алайда медицина мамандарының барлық күш-жігеріне және жүргізілген реанимациялық шараларға қарамастан, 18 қараша күні сағат 10:00-де баланың өлімі тіркелді», - деп хабарлайды дереккөз.

Білім басқармасының қызметкерлері мен ұстаздар баланың ата-анасына, туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтты.