ҚазҰУ-дегі студенттің қазасынан кейін проректор мен факультет деканы жұмысынан кетті
Бұл туралы университет ресми мәлімдеме ұсынды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде екінші курс студенті бірінші курс студентін ұрып өлтірді деген күдік туды. Осы қайғылы оқиғадан кейін университет басшылығы кемі екі адамды жұмысынан босатқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Орын алған қайғылы жағдайға байланысты университет басшылығы тарапынан шұғыл шаралар қабылданды: Тәрбие жұмысын ақсатқаны, жатақханадағы қауіпсіздік пен тәртіпті тиісті деңгейде қамтамасыз ете алмағаны үшін Басқарма мүшесі – әлеуметтік тұрақты даму жөніндегі проректор, сонымен қатар, география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы лауазымдарынан босады», - деп жазылған университеттің ресми мәлімдемесінде.
Ал қайғылы жағдай болған күні жатақханада кезекшілік еткен жауапты қызметкерлер жұмыстан шеттетіліп, әрекеттері заң тұрғысынан зерделеніп жатыр.
Жұмыстан босаған проректор мен декан кім
Айта кетерлігі, университет ресми мәлімдемесінде жұмысынан кеткен лауазым иелерінің аты-жөнін жазбаған. Яғни, лауазымның атауын ғана жазып, басқа дерек ұсынбаған.
Дегенмен, университеттің ресми сайтындағы ақпаратқа сай, Басқарма мүшесі – әлеуметтік тұрақты даму жөніндегі проректордың аты-жөні – Бақытжан Бауыржанұлы Омаров. Бақытжан Омаров бұл қызметке 2025 жылдың тамызында тағайындалған. Ал география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы Әлия Сағындыққызы Ақтымбаева деп жазылған.


Қазір жатақханада не болып жатыр
Университеттің ресми мәлімдемесіне сүйенсек, қазір жатақхананың бәрінде кешкі бақылау күшейген, студенттердің қауіпсіздігі мен психологиялық көмекті күшейту үшін қосымша шаралар енген. Дегенмен, университет нақты қандай шара екенін тағы да атамаған.
«Университет бұл оқиғаға қатысты ешқандай деректі жасырмайды, құқық қорғау органдары жүргізіп жатқан тергеуге толық көмек көрсетуде және істің әділ, ашық өтуіне тікелей мүдделі.
ҚР ҚПК 201-бабының талаптарына сәйкес, тергеу құпиясына байланысты өзге ақпаратты жариялай алмағанымызбен, қоғам мен марқұмның жақындары үшін барлық жаңалықтар туралы шынайы түрде хабарлап отырамыз» - деп жазылған Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі таратқан ресми мәлімдемеде.
Бұған дейін не болып еді
Естеріңізге сала кетейік, өкініштісі, айналдырған оншақты күн ішінде университеттен екі студенттің мәйіті табылып отыр. Бұл қазаның алдында бірінші курста оқитын бойжеткен өз-өзіне қол салған болатын. Ал кеше қаза тапқан жігітке жоғары курс студенттері әлімжеттік көрсеткен.
