«Тәрбиені күшейту керек»: Астанада аспаннан доллар «жауғаннан» кейін Сәденов Тоқаевтан ескерту алған

Бұл туралы президенттің кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы мәлімдеді

«Тәрбиені күшейту керек»: Астанада аспаннан доллар «жауғаннан» кейін Сәденов Тоқаевтан ескерту алған
Фото: үкімет

Естеріңізге болса, өткен аптада Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі «Самұрық-Қазына» мен «Қазақстан Темір жолы» басшыларын ұстап алған болатын. Кейін оқиға орнына шақырумен жеткен полиция далада шашылып жатқан бірнеше чемодан долларды тауып, оны видеоға түсіріп, желіге таратып жіберген. Полиция қызметкерлерінің осы әрекетінен кейін Ішкі істер министрі Ержан Сәденов қызметтік ескерту алған екен, деп жазады Azattyq Rýhy.

Бұл туралы президенттің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Айбек Смадияров жазды. Яғни, президенттің пікірінше, күдіктілерді ұстау кезінде күштік құрылым қызметкерлері қателіктер жіберген.

 «Осыған байланысты Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке қызметтік ескерту жарияланды», - деп жазады Смадияров.

Сондай-ақ, Смадияров хабарлағандай, бүгін Тоқаев Ішкі істер министрлігінің басшылық құрамымен жиын өткізген екен.

«Президент қызметтік тәртіпті нығайтуды, «Заң мен Тәртіп» қағидатына сай қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты міндеттерді атқару барысында полицияның кәсіби даярлық деңгейін көтеруді тапсырды. Министр Ержан Сәденовке полицияның қатардағы қызметкерлері мен офицерлік құрамы арасында тәрбие жұмыстарын күшейту керек екені айтылды», - деп хабарлайды Смадияров.