«Қол-аяғымды скотчпен байлап, ұра берді»: Атырауда тоқсанға таяған қария кенже ұлымен соттасуға мәжбүр
Бұған дейін ол денсаулығы сыр беріп, ес-түссіз жатып қалған еді
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қызылқоға ауданы Сағыз ауылының тұрғыны Әділхан Сисенов кенже ұлының өзін үйге қамап, қол-аяғын скотчпен байлап, басынан ұрғанын мәлімдеді. Соққыдан кейін денсаулығы күрт нашарлап, сотқа да қатыса алмай қалған. Енді емделіп, есін жиған соң сот отырысына өзі келіп, баласының заң алдында жауап беруін талап етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Айыпталушы – оның 47 жастағы кенже ұлы. Ол сот отырысындағы түсірілімге қарсы болып, бұған дейін де, бүгінгі сотта да өз кінәсін мойындамайтын сыңай танытқан. Ал жәбір көрген қарт баласының әлі күнге дейін қамауға алынбағанына наразылығын білдірді.
«Үйге қамап, қол-аяғымды байлап, тас төбемнен ұра берді. Соның салдарынан инсульт алдым. Бәрін де тартып алды, тіпті өз киімімді бермей қойды. Төрт айдан бері оны неге қамамайды?», – деді жәбірленуші.
Оқиға маусымда болған
Еске салайық, бұл жағдай қоғамға биыл маусым айында белгілі болды. Қызылқоға ауданы Сағыз ауылының тұрғыны Әділхан Сисенов туған ұлының өзіне күш көрсетіп, үйге қамап қойғанын айтып, журналистерге сұхбат берген еді. Содан кейін ғана ұрып-соғу бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қария сол кезде 47 жастағы кенже ұлы онымен бір шаңырақта тұратынын, бұған дейін де бірнеше рет қол көтергенін, зейнетақысын тартып алып, қажет дәрі-дәрмегін алып бермегенін айтқан. Баласының үстінен арыз жазса да, құзырлы органдар тиісті шара қолданбаған. Жәбірленушінің айтуынша, ұлы да ішкі істер саласында қызметте болғандықтан, «сыбайлас болуы мүмкін» деп күмәнданған.
Өкінішке қарай, түрлі жарақат алған Әділхан Сисеновтің денсаулығы күрт нашарлап, болған оқиғаларды есіне түсіре алмай қалған еді. Бұл жолы қария емделіп, есін жиған соң сотқа өзі келіп отыр. Оның қарындасы Кенжетай Сисенованың айтуынша, бұл – істің үшінші сот отырысы. Туыстары Сағыз стансасынан арнайы келген.
«Қолымен істегенді мойнымен көтерсін. Осы баланың кесірінен ағайынның бәрімен араз болдық. Ағам ауырып қалып еді, қазір жақсы, есі орнына келіп жатыр. Өткенде микроинсульт алды», – деді Кенжетай Сисенова.
