Қазақстанда іздеуде жүрген және наркологиялық есептегі 720 мың адам inDrive пен Yandex-те такси қызметін ұсынған

Бұл мәселені сарапшылар дөңгелек үстелде талқылады

Қазақстанда іздеуде жүрген және наркологиялық есептегі 720 мың адам inDrive пен Yandex-те такси қызметін ұсынған
Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Елде цифрлық платформалар арқылы табыс тауып жүргендердің саны 956 мыңға жетті. Алайда олардың еңбек мәртебесі, әлеуметтік кепілдіктері, табысын алу тәртібі және аккаунты бұғатталған жағдайда құқығын қорғау тетіктері әлі де күн тәртібінде тұр. Осы мәселені заң тұрғысында реттеу үшін «Платформалық жұмыспен қамтуды құқықтық реттеу» тақырыбында дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жиынға «Әділет» партиясы төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Байтілесов, Құрылтай депутаттары, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Эльдар Күзенбаев, Бас прокуратура мен мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ заңгерлер, кәсіподақ өкілдері, таксопарк басшылары және Yandex Qazaqstan, inDrive, Glovo Kazakhstan, Wolt Services Kazakhstan компанияларының өкілдері қатысты.

Дөңгелек үстелдің модераторы, депутат Гүлзира Атабаева мәселенің бұған дейін Құрылтай отырысында да көтерілгенін айтты. Оның сөзінше, биыл 4 қарашада «Әділет» партиясы фракциясының атынан депутаттық сауал жолдаған. Ол жаппай техникалық ақаулар кезінде такси жүргізушілері мен курьерлердің құқығы мен табысын қорғау қажеттігіне назар аударған. 

Бірінші болып сөз алған «Әділет» партиясы төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Байтілесов платформа арқылы жұмыспен қамту еңбек нарығының маңызды бөлігіне айналғанын атап өтті. Оның сөзінше, такси жүргізу, жеткізу қызметтері және басқа да цифрлық сервистер арқылы мыңдаған азамат табыс тауып жүр. Алайда икемді жұмыс мүмкіндігімен қатар, бірнеше мәселе де туындаған.

Ол мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметке жыл соңына дейін цифрлық жұмыспен қамтудың оңайлатылған құқықтық режимін қалыптастыруд тапсырғанын еске салды. Сонымен қатар заңнамалық реттеуді қажет ететін мәселерді атады.

«Біріншіден, цифрлық платформа арқылы жұмыс істейтін азаматты қызметкер деп тану керек пе, әлде дербес орындаушы ретінде қарастыру қажет пе? Ал азаматтық-құқықтық шарт жасалғанымен, іс жүзінде еңбек қатынастарының белгілері болса, оның құқықтары қалай қорғалуы тиіс?. Екіншіден, платформа арқылы жұмыс істейтін азаматтар да зейнетақы, әлеуметтік және медициналық сақтандыру жүйесінен тыс қалмау керек», – деді Нұрсұлтан Байтілесов.

Аккаунты бұғатталса, жұмысшы табысын қалай алады

Мәселен, жүргізуші немесе курьер бірнеше күн жұмыс істеп, табыс тапқаннан кейін оның аккаунты бұғатталса, жиналған ақшасын қалай алады? Егер платформа қабылдаған шешіммен келіспесе, қайда және қалай шағымдана алады?

Нұрсұлтан Байтілесовтің пікірінше, заңнамада аккаунтты бұғаттау негіздері, алгоритмдердің шешім қабылдау тәртібі, техникалық ақаулар туралы хабарлау және орындаушылардың шағымдарын қарау тетіктері нақты көрсетілуі қажет.Сонымен қатар өзгерістер бизнестің дамуына да кедергі келтірмеуі керек. Негізгі міндет – платформалардың жұмыс істеуіне жағдай жасай отырып, сол арқылы табыс тауып жүрген азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау.

Жұмысшылардың табысы да, құқығы да заң шеңберінде реттелмек

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Эльдар Күзенбаевтің айтуынша, бүгінде Қазақстанда платформа арқылы жұмыс істейтіндердің басым бөлігі 26-35 жас аралығындағы азаматтар болса, 31,5 пайызын 36-50 жастағылар құрайды. Расымен, мұндай жүйе адамға өз кестесін өзі реттеп, бірнеше кәсіпті қатар игеруіне қолайлы. Алайда тұрақсыз табыс пен әлеуметтік және еңбек кепілдіктеріне келгенде осал тұсы бар екенін ескерген жөн.

Оның сөзінше, 2024 жылы интернет-платформалар арқылы жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қамтамасыз ету тетіктерін жетілдіру үшін Әлеуметтік кодекске өзгерістер енгізілген. Ал 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға арналған арнайы салық режимі қолданысқа енді. Оның тиімділігі сол – жеке кәсіпкер ретінде тірлкеіп әуре болмайсыз. Бұл жүйеде әлеуметтік төлемдердің жиынтық мөлшері 4 пайызды құрайды, ал жарналарды есептеп аудару интернет-платформа операторына жүктелген. Сонымен қатар министрлік платформа арқылы жұмыспен қамту қағидаларының жобасын әзірлеген.

«Бұл құжат қызметкерлер мен интернет-платформа операторларының жұмысын жүйелеп, операторлардың міндеттерін айқындауға, ақшалай есеп айырысуды ашық етуге және еңбек адамдарының құқығын қорғауға арналған.Мәселен, қанша ақша ұсталып, не үшін есептелгені ашық көрсетілуі тиіс, жеке деректер қорғалуы қажет. Сонымен қатар қызметкерлер өз құқығын қорғау үшін платформаның өзіне, мемлекеттік органдарға немесе тікелей сотқа шағымдана алады», – деді вице-министр.

Бұйрық жобасы Ұлттық экономика, Қаржы, сондай-ақ Жасанды интеллект және цифрлық даму министрліктерімен мақұлданған. Қазір Әділет министрлігінде келісуден өтіп жатыр.

Іздеуде жүргендер такси жүргізіп, курьер болып жұмыс істеп жүр ме

Бас прокуратура цифрлық платформалармен интеграция орнату арқылы олардың жұмысын бақылауды күшейтпек. Бас прокуратураға қарасты қаржы департаментінің директоры Ілияс Испановтың айтуынша, қазір inDrive және Yandex Taxi сервистерімен деректер алмасу жүйесін баптау жұмыстары жүріп жатыр.

Прокуратура іздеуде жүрген, пробация есебінде тұрған, көлік жүргізу құқығынан айырылған және медициналық шектеулері бар 500 мың адамның inDrive платформасында, ал 220 мың адамның Yandex-те тіркелгенін анықтаған. Интеграция толық іске қосылғаннан кейін жүйе мұндай адамдардың нақты жүрген жері туралы автоматты сигнал беріп, ақпаратты тиісті мемлекеттік органдарға жолдай алады. Wolt пен Glovo сияқты басқа да цифрлық платформалармен интеграция орнатуға дайын екенін де мәлімдеді.

Бүгінде «Цифрлық қадағалау» атты бірыңғай ақпараттық-талдау жүйесі әзірленген.

«Жүйе мемлекеттік органдардың 100-ден астам базасымен және бейнеаналитика жүйелерімен біріктірілген. Оның көмегімен іздеуде жүрген, пробация есебінде тұрған, көлік жүргізу құқығынан айырылған және қарызы бар адамдар автоматты түрде бақыланады. Жүйе олардың билет сатып алғанын, медициналық ұйымдарға жүгінгені секілді әрекеттерді тіркей алады. Қазір прокуратура мемлекеттік ақпараттық жүйелермен қатар, жеке цифрлық платформалармен де дерек алмасуды жолға қойып жатыр», – деді Ілияс Испанов.

Бұдан бөлек, «Цифрлық қадағалау» жүйесі әкімшілік өндірістердің бірыңғай тізілімімен біріктірілген. Жасанды интеллект әкімшілік құқық бұзушылықтар кезіндегі заңсыз әрекеттерді, соның ішінде хаттамаларды қолдан жасау, заңсыз айыппұл салу, әкімшілік қамаққа алу және істі заңсыз тоқтату деректерін анықтайды. 2025 жылдан бері жүйе 20 836 заң бұзушылық тіркеген. 

«Сондай-ақ жүйе көлік жүргізу құқығынан айырылған адамдардың рөлге қайта отырғанын анықтауға мүмкіндік береді. Ол үшін қозғалыстағы көліктердің бейнежазбасы арқылы адамның бет-әлпетін тану алгоритмі қолданылған. Бұл жүйе Астана мен Алматы қалаларында, сондай-ақ Абай, Ақмола, Алматы, Қызылорда және Түркістан облыстарында сынақтан өтті. Нәтижесінде жүргізуші куәлігінсіз көлік басқарған 47 адам анықталып, жауапқа тартылып, көліктері арнайы тұрақтарға қойылды», – деді ол.

Ал «Әділетті орта» үйлестіру-талдау орталығының басшысы Абзал Құспан платформалық жұмыспен қамтуды заңмен реттеу миллионға жуық азаматтың еңбек құқығын қорғауға мүмкіндік беретінін айтты. Оның сөзінше, бұл – ел халқының әрбір тоғызыншы-оныншы тұрғынына қатысты маңызды мәселе. Сондықтан цифрлық платформалар саласындағы құқықтық олқылықтарды жою «Әділет» партиясы жанынан құрылған орталықтың негізгі сегіз бағытының біріне енгізілген.

Maqsut Narikbayev University профессоры Мүслім Хасенов цифрлық платформалар еңбек қатынастарын өзгертсе де, жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы теңсіздік мәселесінің әлі де өзекті екенін жеткізді. Мұнан бөлек, цифрлық платформа арқылы жұмыс істейтін азаматтарға арналған кәсіподақ құру керек екенін ұсынды. 

Баяндама барысында платформалық экономика қауымдастығының төрағасы Алена Герунның 2023-2025 жылдары платформалық жұмыспен қамтудың пилоттық жобасы жүзеге асқанын, ал 2026 жылғы қаңтардан бастап өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған тиісті режим Салық кодексінде бекітілгенін айтты.

Оның мәліметінше, биыл қыркүйекте жобаға 35 интернет-платформа қосылып, 680 мың бірегей орындаушы тіркелген. Осы кезеңде әлеуметтік төлемдерге 21,3 млрд теңге аударылған. Сонымен қатар ол  платформалық жұмыспен қамту әлемде де қарқынды дамып жатқанын айтты. Халықаралық еңбек ұйымының дерегінше, цифрлық еңбек платформаларының саны былтыр 653-тен асқан. Ал АҚШ-та қосымша жұмысты қоса есептегендегі дербес жұмыспен қамтылғандар саны 2020-2026 жылдары 38,2 миллионнан 74,9 миллионға дейін өскен. Айта кетейік, платформалық экономика қауымдастығы 2026 жылы қазанда дәл осы саладағы өзгерістерді үйлестіру мақсатында құрылған.