Қазақстан мен АҚШ арасындағы тікелей рейс 2027 жылдың соңында ұша бастайды
Бұл туралы Азаматтық авиация комитеті мәлімдеді
Қазақстан мен АҚШ арасындағы тікелей рейс бір жылдан кейін, 2027 жылдың соңында ұшуы тиіс. Бұл туралы Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
Дереккөзге сүйенсек, Көлік вице-министрі Талғат Ластаев АҚШ Көлік министрінің авиация және халықаралық қатынастар жөніндегі ассистенті Дэниел Дж. Эдвардспен кездескен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кездесу Монреаль қаласындағы ИКАО-ның әуе көлігі жөніндегі 7-ші Дүниежүзілік конференциясында өткен.
Дәл қазір Қазақстан АҚШ Федералдық авиациялық басқармасының (FAA) 1-санатын алуға тырысып жатыр. АҚШ қыркүйекте аудит жүргізіп, алдын ала оң қорытынды берген.
«Кездесу барысында 2027 жылдың соңына дейін Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей рейс ашу жоспары талқыланды», - деп хабарлайды Азаматтық авиация комитеті.
Талғат Ластаев атап өткендей, Қазақстан АҚШ-пен арада тікелей әуе қатынасын іске қосуға мүдделі.
