Қарағанды облысының тұрғыны қарызын өтемегені үшін 4 жылға сотталып кетті
Ол сот үкіміне апелляциялық тәртіппен шағым түсірген
Қарағанды облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы сот шешімімен белгіленген ірі көлемдегі қарызды қасақана төлеуден жалтарған ер адамға қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сот анықтағандай, 2024 жылдың наурызында Теміртау қалалық соты медиациялық келісімді бекіткен. Құжат бойынша өңір тұрғыны өндіріп алушыға 40 миллион теңге қайтаруға міндеттенген. Алайда ол ақшаны өз еркімен өтемеген. Сондықтан сол жылдың сәуір айында іс жеке сот орындаушысына берілген.
Жеке сот орындаушысы борышкерге қарызын өтеу қажеттігі туралы бірнеше рет хабарлап, төлем жасамаған жағдайда жауапкершілікке тартылатынын ескерткен. 2025 жылдың сәуірінде ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 19 660 теңге айыппұл салынған. Соған қарамастан, ол қарызын өтеуге әрекет жасамаған. Бұл ретте оның «SKG KZрег» ЖШС-де ресми жұмыс істеп, тұрақты жалақы алып отырғаны анықталған.
Осыдан кейін сот актісін қасақана орындамағаны үшін оған қатысты қылмыстық іс қозғалды. Теміртау қалалық соты ер адамды кінәлі деп танып, бес жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған.
Алайда Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылық заңына сәйкес, жаза мерзімі бестен бір бөлікке қысқартылды. Нәтижесінде сотталушы төрт жылға бас бостандығынан айырылды.
Ер адам бұл шешімге апелляциялық тәртіппен шағым түсірген. Бірақ Қарағанды облыстық соты бірінші сатыдағы сот үкімін өзгеріссіз қалдырды. Сот актісі заңды күшіне енді.
