Кәмелетке толмаған екі қызға зорлық көрсетіп, темекімен күйдіріп, жезөкшелікке сатқан: Балқашта күдіктілер ұсталды

Тергеу дерегіне қатсты өзге мәлімет әзірге жарияланған жоқ

Кәмелетке толмаған екі қызға зорлық көрсетіп, темекімен күйдіріп, жезөкшелікке сатқан: Балқашта күдіктілер ұсталды
Фото: istockphoto.com

Қарағанды облысының Балқаш қаласында екі кәмелетке толмаған қызға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық жасалды деген күдік бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция күдіктілерді ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Қарағанды облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.

Telegram желісіндегі Qumash арнасында жарияланған жазбада Қазақстан азаматы биыл жазда 13 және 15 жастағы екі жиенінің Балқаш қаласында жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырағанын мәлімдеген.

Туысының айтуынша, белгісіз адамдар қыздарды зорлап, ұрып-соққан, денелерін темекімен күйдіріп, түрлі қорлық көрсеткен. Сондай-ақ оларды есірткі әсері бар препараттар араластырылған алкогольдік ішімдік ішуге мәжбүрлеп, жезөкшелікпен айналысуға итермелеген деген болжам айтылған.

Жарияланымда қыздарды көлікке отырғызып, жалға алынған пәтерлерге апарғаны да жазылған. Ал болған жағдайды туыстарына айтуға тырысқан кезде оларға интимдік фото мен бейнежазбаларды жариялаймыз деп қоқан-лоқы көрсетілгені айтылған.

Жазба авторының сөзінше, бұл іске 20 жігіттің қатысы болуы мүмкін, олардың алтауы ұсталған.

Қарағанды облыстық полиция департаменті 16 қарашада Балқаш қаласының 55 жастағы тұрғынынан қыздарына қатысты құқыққа қайшы әрекеттер жасалғаны туралы арыз түскенін мәлімдеді. Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған.

 «Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде полицейлер күдіктілерді анықтап, ұстады. Құқыққа қайшы әрекеттер әртүрлі уақытта және әртүрлі жерлерде жасалғаны анықталды. Ұсталғандардың барлығы уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деп мәлімдеді полиция.

Ведомство тергеуге облыстық полиция департаментінің тәжірибелі қызметкерлері тартылғанын және сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысы департамент басшылығының ерекше бақылауында екенін мәлімдеді.