Шортандыда ер адам жүк пойызының астына түсіп қаза тапты
Жүк пойызының машинисі оны шамамен 300 метр қашықтықтан байқап, шұғыл тежеуді басқан
Ақмола облысында ер адам жүк пойызының астына түсіп көз жұмды. Осы дерекке байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Nayza Kokshe ақпаратынша, оқиға 19 қараша күндіз Шортанды ауданындағы Шортанды кенті мен Дамса ауылының арасындағы теміржол учаскесінде болған. Алдын ала мәлімет бойынша ер адам теміржол рельсінің үстінде отырған.
Жүк пойызының машинисі оны шамамен 300 метр қашықтықтан байқап, шұғыл тежеуді басқан. Алайда оны бірден тоқтатып, қайғылы жағдайдың алдын алу мүмкін болмаған. Ер адам оқиға орнында қайтыс болды.
Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, 19 қарашада Астана станциясындағы желілік полиция басқармасы аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғаған.
Іс теміржол көлігінің қозғалысы немесе оны пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу салдарынан абайсызда адам өліміне әкеп соғу фактісі бойынша тергеліп жатыр.
«Қазір тергеу басталып, оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр», – делінген полиция хабарламасында.
Көліктегі полиция департаменті азаматтарды теміржол бойында қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды. Атап айтқанда, теміржолды тек арнайы белгіленген жерлерден кесіп өту, рельске жақындағанда құлаққап пен бас киімді шешу, пойыз өтіп бара жатқанда платформаның шетінде тұрмау қажет. Сондай-ақ вагондардың үстіне шығуға болмайды. Өйткені теміржолдағы жоғары кернеу адам өміріне қауіп төндіреді.
