Бас мүфти Астананың тамадаларын жинап алып, тойдағы ұятсыз ойындар туралы сөйлесті
Кездесуге қоғам қайраткерлері де қатысты
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Астананың асабаларын жинап алып, тойдың әдебі мен ысырапшылық туралы сөйлескен, деп жазады Azattyq Rýhy.
Мүфтияттың мәліметіне сүйенсек, кездесуге Бас мүфти мен тамадалардан бөлек, Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Нұртөре Жүсіп пен белгілі журналист, диктор Зейін Әліпбек, Мүфтият қызметкерлері де қатысқан.
«Жиында соңғы жылдары қоғамда көрініс тапқан тойдағы артық шығын, өзара бәсеке, орынсыз ысырап, аста төк тамақ, бейәдеп ойындар секілді ауқымды мәселер талқыланды», - деп хабарлайды Мүфтияттың баспасөз қызметі.
Наурызбай қажы Тағанұлы қазақ бұрыннан-ақ той жасауға құмар екенін, бірақ, қазір той қуаныш емес, жарысқа, мағынасы жоқ мақтанға айналып бара жатқан деген ойын айтты.

«Ислам дінін ғасырлар бойы ұстанған ата-бабаларымыз той жасағанда ең алдымен ағайынның басын қосып, бата алуға, үлкеннің ақ тілегіне, жастардың тәрбиесіне мән берген. Тойдың сәні қымбат әншіде немесе шектен шыққан безендіруде емес, елдің бірлігі мен ақ дастарқанда болған», - деп айтқан көрінеді Бас мүфти.
Яғни, оның айтуынша, той тек көңіл көтеретін жиын емес, ұрпаққа тәлім-тәрбие беретін, дін мен дәстүр құндылықтарын бойына сіңіретін маңызды сәттің бірі.
«Тойда жастар үлкенді сыйлауды, туыстық қатынасты, ізеттілікті, бата алуды, ұлттық салт-дәстүрді көреді. Сондықтан тойдың бағдарламасы да тәрбиелік мазмұнда болғаны абзал. Бұған той иелері мен асабалар көбірек мүдделі болса дейміз», - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
