Астанада дрифт жасаған BMW жүргізушісі 20 тәулікке қамалды
22 жастағы BMW автокөлігінің жүргізушісі түнгі уақытта жолдың қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткені белгілі болды
Елордалық полицейлер түнгі уақытта қала көшесінде қауіпті маневрлер жасап, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған жүргізушіні анықтап, жауапкершілікке тартты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тексеру барысында 22 жастағы BMW автокөлігінің жүргізушісі түнгі уақытта Жұмабаев көшесінің жүріс бөлігінде дрифт жасап, қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткені белгілі болды. Қауіпті маневрлердің салдарынан жол жабыны зақымданған. Сонымен қатар жас жігіттің жүргізуші куәлігі жоқ болып шықты.
Тәртіп сақшылары құқық бұзушыға қатысты бірден бірнеше бап бойынша әкімшілік хаттама толтырды. Атап айтқанда, маневр жасау қағидаларын бұзу, қарсы қозғалыс жолағына шығу, жол жабынын бүлдіру және көлік құралын басқару құқығынсыз тізгіндеу деректері тіркелді.
Бұдан бөлек, жүргізуші куәлігі жоқ адамға рөлді сеніп тапсырғаны үшін автокөліктің иесі де әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сот шешімімен 22 жастағы құқық бұзушы 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды, ал BMW автокөлігі коммуналдық тұраққа қойылды.
