Алматыда ауруханаларда кезек көбейген: тұрғындар жаппай шағымданып жатыр
Дәрігерлер қалада жаңа вирус анықталмағанын мәлімдеді
Алматы тұрғындары әлеуметтік желіде ересектер мен балаларға қатар тарап жатқан, дене қызуын көтеретін вирусқа шағымданып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне (СЭБД) сілтеме жасап.
Қала тұрғындарының бірі Threads әлеуметтік желісінде ауруханаларда науқастар көбейіп, қабылдау бөлімдерінде ұзын-сонар кезек пайда болғанын жазған.
«Алматы, мынау қандай вирус? Ауруханалар лық толы! Қабылдау бөлімінде 50 адамға дейін кезекте тұр! Ауырып жатқандар өте көп, әсіресе балалар. Көпшілігінің белгілері бірдей: дене қызуы 39-40 градусқа дейін көтеріледі, оны түсіру қиын, аз уақыттан кейін қайтадан көтеріледі», – деп жазды әлеуметтік желі қолданушысы.
Жазбаға пікір қалдырғандар да осыған ұқсас жағдайды бастан өткергендерін айтқан.
«Ой, біз де осыны бастан өткердік. Дене қызуы қатты көтеріліп, дәрі ішкеннен кейін бір жарым сағатқа ғана түседі де, қайта көтеріледі», «Баланың қызуы 39 градус, түспей жатыр. Бүгін ауруханаға жатудан бас тарттым», «Менің балаларым да ауырып шықты. Дене қызуы 40,5 градусқа дейін көтерілді. Төрт күн бойы түспеді», – деп жазған желі қолданушылары.
Ал кейбір тұрғындар мұны тұмау деп болжап, мұндай аурулардың қараша-желтоқсан айларында жыл сайын көбейетінін айтқан.
Алматы қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті эпидемиологиялық жағдайға қатысты түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, қалада жедел респираторлық вирустық инфекциялар бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Дегенмен жыл сайынғы маусымдық аурушаңдықтың өсуі байқалады. Бірақ көрсеткіштер бақылау деңгейінен аспаған.
«Эпидемиологиялық маусым басталғалы бері тұмаудың зертханалық жолмен расталған 25 жағдайы тіркелді. Зертханалық мониторинг нәтижесінде қалада тұмау вирусының екі түрі, атап айтқанда, A/H1N1 және В типтері айналымда екені анықталды. Сонымен қатар тұмауға жатпайтын басқа да ЖРВИ вирустары – риновирус, парагрипп, респираторлық-синцитиалды вирус, бокавирус және маусымдық коронавирус таралып жатыр. Жаңа, белгісіз вирустар анықталған жоқ», – деп мәлімдеді департамент.
Ведомство өкілдері тұмау мен ЖРВИ маусымына дайындық жұмыстары эпидемиялық кезең басталмай тұрып жүргізілгенін атап өтті. Атап айтқанда, емханаларда үйге шақыртуларға қызмет көрсету үшін мобильді бригадалар жасақталып, ЖРВИ немесе тұмау белгілері бар науқастарды қабылдайтын сүзгі кабинеттері ұйымдастырылған. Ал инфекциялық стационарларда ауруханаға жатқызуды қажет ететін науқастарға арналған төсек-орындар дайындалған.
Сонымен қатар санитариялық дәрігерлер тұрғындарға аурудың алдын алу шараларын сақтауды ескертті. Атап айтқанда, түшкіргенде немесе жөтелгенде ауыз бен мұрынды майлықпен не орамалмен жабу, ұжымда және отбасы ішінде маска тағу, қолды жиі жуу ұсынылады.
Мамандар бұқаралық іс-шараларға баруды шектеуге, ал науқас балаларды мектеп пен балабақшаға жібермеуге кеңес береді.
Аурудың алғашқы белгілері байқалғанда, өз бетінше емделмей, дәрігерге қаралу қажет. Сондай-ақ департамент өкілдері тұмауға қарсы вакцина алудың маңызын еске салды. 19 қарашадағы мәлімет бойынша, қалада 251 102 адам тұмауға қарсы екпе алған.
