WADA басшылығы мен халықаралық спорт ұйымдарының өкілдері Астанаға келді
Елордада 22–27 қараша аралығында Құрылтайшылар кеңесі мен Атқарушы комитетінің отырыстары өтеді
Елордаға Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің Құрылтайшылар кеңесі мен атқарушы комитетінің отырыстарына қатысатын мәртебелі меймандардың алғашқы легі келе бастады. Сонымен қатар конгресс аясында Халықаралық ат спорты федерациясының (FEI) басшысы ресми сапармен келді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әуежайда шетелдік делегаттарды Туризм және спорт министрінің орынбасарлары Әділет Тұрғанбаев пен Серік Жарасбаев салтанатты түрде қарсы алды. Алғашқы келген қонақтардың қатарында халықаралық спорт ұйымдарының өкілдері бар. Атап айтқанда, WADA Атқарушы комитетінің тәуелсіз мүшесі, австралиялық заңгер Венеция Беннетт, WADA Спортшылар кеңесінің төрағасы әрі Атқарушы комитет мүшесі Райан Пини және Халықаралық ат спорты федерациясының (FEI) президенті Ингмар Де Вос бар.
Елордада 22–27 қараша аралығында WADA-ның екі негізгі басқарушы органы — Құрылтайшылар кеңесі мен Атқарушы комитетінің отырыстары өтеді. Айта кетерлігі, Қазақстан Орталық Азия өңірінде мұндай жоғары деңгейдегі іс-шараларды алғаш рет қабылдап отыр.
Жиын барысында халықаралық қауымдастық өкілдері таза спорт жүйесін дамыту, Дүниежүзілік допингке қарсы кодексті іске асыру және жаһандық антидопинг саясатын жетілдіру мәселелерін талқылайды.
Халықаралық ат спорты федерациясының (FEI) президенті Ингмар Де Востың сапары Қазақстанның әлемдік ат спорты кеңістігіндегі әлеуетін арттыруға бағытталған. Соңғы жылдары еліміз бұл салада бірқатар нәтижеге қол жеткізді. Атап айтқанда, ұлттық құрама 12 жылдық үзілістен кейін Азия ойындарына қайта қатысып, ел аумағында FEI аясындағы халықаралық жарыстар ұйымдастырыла бастады. Сонымен қатар конкурдан Еуразиялық лига іске қосылды.
Сапар аясында тараптар спорт инфрақұрылымын жаңғырту, ұлттық федерацияны қолдау және қазақстандық шабандоздардың халықаралық аренадағы мүмкіндіктерін кеңейту мәселелерін талқылайды.
