«Көз жасымды ұстай алмадым»: анасын іздеген белгиялық Жәнібек туған шешесінің хатын алған
Ол анасын танитын әйелмен тіпті Астанада кездескен
Белгиялық отбасы асырап алған Жәнібек есімімен танымал қазақ бала Мұрат Савелиев туған анасын танитын әйелмен кездескен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Айтуынша, оның биологиялық анасы туған кезде қоштасу хатын жазып қалдырған.
«Араларыңызда менің бірнеше жыл бұрын туған жерім — Арқалықтағы перзентханаға барғанымды еске алатындар бар шығар. Ол сапар мен үшін ерекше маңызды еді. Өзім дүниеге келген жердің дәліздерін аралап жүргенімде, қолыма биологиялық анамның мен дүниеге келген кезде қалдырған қоштасу хатын берді. Оның бар екенін осы уақытқа дейін білмеген едім. Ол хатты алғаш оқыған сәтте қандай күйде болғанымды сөзбен жеткізу қиын. Хаттағы сөздер мен кейбір мәліметтер жүрегімді қатты толқытты. Жылдар бойы түрлі сұрақтарға жауап іздеп, өмірімнің бастауын түсінуге тырысып жүрдім. Ал сол күні өмірімнің алғашқы күндерінен қалған бір естелік қолыма тиді. Оны оқып отырып, көз жасымды ұстай алмадым», - деп жазды ол.
Мұрат Савелиев анасынан қалған хатты қалай тапқанын айтып берді.
«Бірақ көпшілігіңіз біле бермейтін тағы бір жайт бар. Біз сол хатты жазған әйелді де іздей бастадық. Ақыры, оны таптық. Онымен Астанада кездестік. Бұл кездесу мен үшін өте ерекше әрі жүрегіме терең әсер қалдырды. Сол кездесуден кейінгі оқиғаларды осы уақытқа дейін сіздерге айтып көрмеппін. Өйткені бұл оқиғаның жалғасы да бар, әрі оның бәрін бірден айтып жеткізу оңай емес», - дейді ол.
Оқи отырыңыздар: 12 мың доллар берген: анасын іздеген Жәнібек ісінің мән-жайы айтылды
Еске салсақ, Мұрат Савелиев бірнеше жылдан бері өзінің биологиялық қазақ анасын іздеумен жүр. Бұған дейін журналист Қымбат Досжан «Қазақ радиосына» хат жазған тыңдарман өзінің қайын әпкесі Жәнібектің анасы болуы мүмкін екенін айтқанын мәлім еткен. Қымбат Досжан мен «Қазақ радиосының ұжымы» егер Жәнібек қан тапсыруға келіссе, оның нәтижесі жарияланатынын айтқан еді.
Біздің Instagram және TikTok желісіндегі парақшаларымызға жазылыңыздар.
