12 мың доллар берген: анасын іздеген Жәнібек ісінің мән-жайы айтылды
Жәнібек Жұмағұловтың болжамды әкесінің туыстары ДНҚ тапсырудан бас тартып отыр
Белгілі журналист Қымбат Досжан бала саудасы мен Жәнібек Жұмағұловтың туған анасын іздеу мәселесін ашып, әлеуметтік желіде маңызды жазба қалдырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жәнібектің өтініші
Қымбат Досжан Жәнібектің жаңа жылды бірге қарсы алуға шақырған өтінішін орындай алмағанын айтты.
«Қазақстанға тағы да мені алдыртыңыз, билет алып беріңізші, жаңа жылды сіздермен қарсы алғым келеді» деп айтқан өтінішіңді орындай алмадым. Уақыт тығыз болды, екіншіден, сені шақырғаныммен қуантатындай жаңалығым жоқ, әзірге…», — деп жазды журналист.
Бала саудасының құпиялары
Қымбат Досжан 2024 жылдың 9 желтоқсанында ҚР Мемлекеттік кеңесшісі мен Бас прокурорға жолдаған ресми хатында бала саудасына қатысты деректерді ашқан.
«2024 жылдың 9 желтоқсанында ҚР Мемлекеттік кеңесшісі мен ҚР Бас прокуроры атына ресми хат жолдадым. Хатта Жәнібек Жұмағұловты асырап алған бельгиялық жалғызбасты әйел – Валери Савельеваның бала асырап алуға Арқалыққа келгенде *** деген аудармашыға 12 мың АҚШ долларын бергені туралы және ақшаны алған адамның аты-жөні ашық жазылды», – деп жазды ол.
Бұл деректер Валери Савельеваның берген видеосұхбатында расталды.
«2024 жылдың көктемінде осы мәліметті растап, Валери Савельева асырап алған ұлы Жәнібекке берген видеосұхбатында өз аузымен сол оқиғаны тағы айтты. Валери Савельева Бельгиядан Арқалыққа келгенде, Астана әуежайынан көлікпен екі адамның күтіп алғанын, Арқалыққа сол көлікпен жетіп, аудармашы әйелдің үйіне қонғанын, таңертең 12 мың долларды санап қолына беріп, Балалар үйіне екеуі бірге барғанын ашық айтты», – деп жазды журналист.
Туған ананы іздеу барысындағы қиындықтар
Туған ананы іздеу кезінде алынған ДНҚ сынамалары ешқандай нәтижеге әкелмеді. Қымбат Досжан бұл туралы былай деді:
«Жәнібектің туған шешесі неге табылмай жатыр?» деген жанашыр халыққа айтарым, қателеспесем, сол жылдары босанған әйелдін 54-нен ДНҚ материал алынды. Жәнібектікімен ешқандай әйелдікі сәйкес келмейді. «Қалған әйелдер қайда, олар неге тапсырмайды?» деген сауал да орынды. Оған келер болсақ, «Ол әйелдерді табу қиынға соғып тұр, шетелге көшіп кетіпті, бізде тергеуші жетіспейді…» деген сынды түрлі сылтау естимін полициядан».
Туған әкесіне қатысты болжам да расталмай отыр:
«Болжамды әкесі табылды дедім, ол рас. Бірақ ол кісінің өзі бұл өмірде жоқ, туған балалары ДНҚ анализ тапсырудан бас тартты. Бірақ, сол қайтыс болған кісінің туған бауырлары бар, олар да бәрін біліп отыр. Мен тіпті полиция қызметкерімен арнайы барып жолықтым, айғайға бастым, өтінішімді тыңдамады».
Әділдік талап ету
Қымбат Досжан бала саудасына қатысты мәселеде әділдікке жетуді басты мақсат етіп отыр.
«Кезінде осы балаларды шетел азаматтарына ұсынып, долларды санап алғандардың қазір ұйқысы тыныш еместігіне сенімдімін. Бұл оқиғада аудармашы жалғыз фигурант емес. Тергеп-тексеру жұмысы дұрыс, әділ жүрсе, Астанадан жеке көлікпен Арқалыққа жеткізгендерден бастап, ресми лауазым атқарғандардың барлығы жауап беруі тиіс. Міне, бір жыл өтті, Жәнібек екеуіміз осындай нәтиже күтіп жүрміз», — деп жазды журналист.
Журналист қоғамға үндеу тастап, бала саудасына қатысы барларға шындықты ашуды талап етті.
«Бала саудасына қатысы барларға айтарым, Жәнібектің шындығын ашыңыздар, маған хабарласыңыздар. Біздің қазіргі басты мақсат – баланың туған шешесін табу. Ал бала саудасына қатысты мәселемен тиісті органдар айналыссын. Жиырма жыл тұрмақ, елу жыл өтсе де, бала саудасының жүгі жеңілдемейді-ay», — деді ол.
Жәнібектің қазіргі өмірі
Қазір Жәнібек Испанияда тұрып, түрлі жұмыстар атқарып жүр.
«Қазір Жәнібек Испанияда, қолына түскен жұмысқа жегіліп, түрлі салада қызмет етіп жүр. Туа сала туған анасынан, туған жерінен жырақ кеткен ол қиындыққа әбден шыңдалған, иммунитеті мықты, бірақ жағдайы онша емес. Күлсе де, әлемнің ең көрікті жеріне саяхаттаса да «Менің шешем кім?» деген сұрақпен өмір сүріп келеді. Баланың кеші солай батады, таңы солай атады», — деп жазды Қымбат Досжан.