Дильназ Ахмадиева мен «Азия» тобының ашық-шашық клипі үшін Алматыдағы колледж жазаланатын болды (ВИДЕО)
Оның клипіне колледжд директорының міндетін
Бұған дейін хабарлағанымыздай, әнші Дильназ Ахмадиева мен «Азия» тобының «Milfa» әніне түсірген клипі әлеуметтік желіде сынға ұшыраған еді. Azattyq Rýhy тілшісі мәселе көтеріп, материал жазғаннан кейін Оқу-ағарту министрлігі мен Алматы қаласының білім басқармасы бейнебаянды зерделей бастады.
Осы уақытқа дейін анықталғандай, әншілер клипті мектепте емес, қаладағы колледждердің бірінде түсірген екен. Білім басқармасы бұл уақытта колледж директорының іссапарда болғанын мәлімдеп, редакциямыздың сауалына жауап берді.
«Клипті түсіруге колледж басшысының міндетін атқарушы рұқсат берген. Жоспар бойынша әнші Дильназ Ахмадиева колледж студенттерімен кездесіп, өмір жолы мен шығармашылық қызметі жайлы әңгімелесуі керек болған. Бұл ретте түсірілімнің нақты мақсаты, сценарийі мен бейнематериалдың мазмұны колледж әкімшілігі тарапынан тиісті деңгейде зерделенбеген. Осыған орай, Алматы қаласы Білім басқармасы аталған жағдайға байланысты жауапты лауазымды тұлғалардың әрекеттеріне тиісті баға беріп, ұйымдастырушылық және тәртіптік шаралар қабылдайды. Атап айтқанда, түсірілім жұмыстарын тиісті келісімсіз ұйымдастыруға жол берген колледж директорының міндетін атқарушының тәртіптік жауапкершілігі қаралады», - делінген хабарламада.
Клипке қатысты сыннан кейін «Азия» тобының мүшесі Ренат Басит әлеуметтік желіде видео жариялап, халықтан кешірім сұрады.
«Мұғалімдер қауымының атына нұқсан келтірсек, көңілдеріңізге тисек, кешірім сұраймыз. Менің де, Ерболдың да анасы мұғалім. Бізде ондай ой болған жоқ», - деді ол.
Ал топтың контент-менеджері бейнероликтің пародия ретінде түсірілгенін айтты.
«Бұл негізі шетел әншісі Бритни Спирстің клипіне пародия ретінде түсірілді. Бейнебаяндағы актердің барлығы кәсіби мамандар. Артық кетіп жатсақ, тағы да кешірім сұраймыз», – деді ол.
Көрермен неге наразы болды
Бейнебаяндағы мұғалімнің ашық-шашық киімі, оқушылармен әңгімелесу мәнері халықтың ашуына тиді. Кейбір адам Оқу-ағарту министрлігінің аккаунтын белгілеп, клипті жариялауға тыйым салуды және әншілерді жауапқа тарту керек екенін жазды.
Әлеуметтік желіде: «Оқушыларға деген жаман түсініп қалыптастырады», «Онсыз да мұғалімдерге деген құрмет төмендеп жатқанда одан әрі құлдыратып тастады-ау», «Интернеттен өшіртіп тастау керек», «Неге мектепте жүр, жиіркенішті», «Дұрыс емес! Мектеп оқушыларымен мынандай видео түсіру қате және заңсыз деп ойлаймын», «Мектепте мұғалімдер бұлай киінбейді. Педагог мәртебесі туралы заң қайда?», «Білім ордасына деген құрмет қайда?» деген түрлі пікір жазылды.