Қызының дүниеге келуін атап өткен: Абай облысының тұрғыны екінші рет сотталып кетті
53 жастағы ер адам мас күйінде көлік жүргізіп, 2 жыл 2 айға сотталды
Абай облысының Жарма ауданында 53 жастағы бұрын бірнеше рет сотталған ер адам өмір бойы көлік жүргізу құқығынан айырылғанына және бұрын түрмеде отырғанына қарамастан, тағы да мас күйінде рөлге отырған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy өңірлік Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Полиция мәліметінше, оқиға 2026 жылғы 22 қыркүйекте сағат 12:00 шамасында Қалбатау ауылында болған. Полицейлер жергілікті тұрғын басқарған ВАЗ-21099 автокөлігін тоқтатқан.
Медициналық куәландыру жүргізушінің орташа дәрежеде алкогольдік масаң күйде болғанын растады.
«Сотта ер адам кінәсін толық мойындап, өкінетінін айтты. Ол бұл жолы қызының дүниеге келуіне байланысты ішімдік ішкенін де түсіндірді», – делінген Полиция департаментінің хабарламасында.
Алайда сот отбасындағы қуанышты оқиғаны құқық бұзушылықты ақтайтын себеп деп танымады. Бұған ер адамның бұрын да бірнеше рет мас күйінде көлік басқарғаны әсер етті.
Қазақстандықтың құқық бұзушылықтар тарихы он жылдан астам уақытты қамтиды. 2015 жылы ол алғаш рет мас күйінде көлік жүргізгені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Үш жылдан кейін, 2018 жылы, жүргізуші куәлігінсіз әрі мас күйінде көлік басқарғаны үшін қайта ұсталды. Сол кезде оған 120 тәулік қоғамдық жұмысқа тарту жазасы тағайындалып, үш жылға көлік жүргізуіне тыйым салынды.
Алайда бұл да нәтиже бермеді. 2020 жылы ер адам сегіз айға бас бостандығынан айырылды. Ал 2022 жылы сот оны екі жылға түрмеге қамап, көлік жүргізу құқығынан өмір бойына айырды. Соған қарамастан, ол заң талаптарын тағы да бұзған.
Соттың жаңа үкіміне сәйкес, мас күйінде көлік басқарғаны үшін ер адам колонияда 2 жыл 2 ай жазасын өтейді. Сонымен қатар оған барлық көлік құралын басқаруға салынған өмір бойғы тыйым сақталады.