Зорлық-зомбылық көрсеткен: Аягөздегі арнайы орталықта санитарлар балаларды қорлаған

Прокурорлар істің мән-жайын жариялады

Зорлық-зомбылық көрсеткен: Аягөздегі арнайы орталықта санитарлар балаларды қорлаған
Фото: istockphoto.com

Абай облысының Аягөз ауданындағы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында балаларға қатыгездік көрсетудің көптеген дерегі анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Абай облысы прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Прокуратураның мәліметінше, әлеуметтік мекемеде тәрбиеленушілерге жүйелі түрде физикалық және психологиялық зорлық-зомбылық көрсетудің 100-ден астам дерегі тіркелген. Тексеру барысында санитарлардың балалардың дәрменсіз жағдайын пайдаланып, оларға қатысты заңсыз әрекеттер жасағаны анықталған.

Бұдан бөлек, орталықтың басқа қызметкерлерінің де әрекетсіздігі әшкереленді. Кейбірі балаларға жасалған зорлық-зомбылықты көргенімен, оны тоқтатуға немесе тәрбиеленушілерді қорғауға ешқандай шара қолданбаған.

«Осы дерек бойынша Абай облысының прокуратурасы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 140-бабының 3-бөлігімен (“Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді қатыгездікпен ұштастыра орындамау”) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады», – деп мәлімдеді облыстық прокуратура.

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін зорлық-зомбылыққа қатысы бар барлық қызметкер жұмыстан шеттетіліп, тәрбиеленушілерден толық оқшауланған.