Саптағы 26 жылдың құны - бір жапырақ алғыс хат: Қазақстанда зейнетке шыққан әскерилер неге қоғамға сыймай қалады

Әскерилердің қоғамға сіңіп кетуі қиын 

Саптағы 26 жылдың құны - бір жапырақ алғыс хат: Қазақстанда зейнетке шыққан әскерилер неге қоғамға сыймай қалады
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Елімізде әскери өмірдің қатаң тәртібіне үйренген адам қамал алар жасында зейнетке шығады. Енді оған азаматтық өмірге бейімделіп, қоғамнан өз орнын табу керек. Үйренген ортасы мен ұжымынан алыстаған бұрынғы әскери қызметшінің көбі өзін далада қалғандай сезінеді. Кеше ғана жоғары лауазым атқарған полковник бүгін – жай ғана азамат. Әскери қызметтен кейін кейбірі такси жүргізушісі, күзетші болып жұмыс істесе, енді бірі күйзеліске түсіп, ішімдікке салынып кетеді. Azattyq Rýhy редакциясының бүгінгі кейіпкері, Әділет Сүлейменов 19 жасында әскерге келіп, 45 жасында зейнетке шыққан. Ол азаматтық өмірге бейімделу жолында қандай қиындықтарға тап болғанын, қандай психологиялық сынақтардан өткенін, қалай аяғынан тұрғанын айтып берді.

Азаматтық өмірде көптің біріне айналасың

Әскери зейнеткер, екінші сыныпты сержант Әділет Сүлейменов 26 жыл өмірін Отанға қызмет етуге арнаған. Әскердегі қызметін Талдықорғандағы десанттық-шабуылдау бригадасында қатардағы жауынгер, көздеуші-оператор болып бастаған. 2011 жылы Астанадағы 36-десанттық-шабуылдау бригадасына ауысып, рота сержанты болып тағайындалды. 2012 жылы осы бригаданың құрамында құрылған лаңкестікке қарсы арнайы мақсаттағы батальонның іргетасын қалаушылардың бірі болды. Онда бес жыл батальон сержанты қызметін атқарды. 2018 жылы Астанадағы әскери бөлімнің тыл базасы командирінің бірінші көмекшісі лауазымына ауысып, 2022 жылы 45 жасында әскери зейнетке шықты. Алғашында мал шаруашылығымен айналысып көрмек болып, үлкен шығынға батты. Кейін күзетші болып істеді. Қазір Ақмола облысындағы колледжде педагог-психолог әрі алғашқы әскери даярлық пәнінің оқытушысы болып еңбек етеді.

«Зейнетке шыққан соң қиындықтар болды. Біз әскери бөлімге таң қараңғысымен кіреміз, кеш батқанда шығамыз. Бізге тапсырма беріледі, сол тапсырманы орындауға дағдыланғанбыз. Өз бетімізше көп нәрсе шешпейміз, қолымызбен ештеңе істеп шығармаймыз, тек ұрыс қимылдарына, тактикаға, атыс жаттығуларына көңіл бөлеміз. Саппен барамыз, саппен келеміз. Қарапайым өмірдегідей төте жолмен өтіп кету, оңай жолын тауып кету деген ұғым жоқ. Сапта тұрғанда азаматтық өмірге тез үйренемін, бәрін жасай аламын деген адамның 99 пайызы сәтсіздікке ұшырайды. Сені әскери бөлімнен шығарып салады, бір жапырақ алғыс хат пен кәдесый береді. Есік жабылады. Сен жалғызсың. Болды, азаматтық өмірде сенің генерал, полковник болғаның, командирдің бірінші көмекшісі болғаның басқа адамдар үшін маңызды емес. Сен көптің біріне айналасың. Сенің лауазымыңа басқа адам келеді. Есік жабылады. Әрі қарай қоғамға сіңіп кету өзіңнің қолыңда», - деді Әділет Сүлейменов әскерден кейінгі өмір жайлы.

«Бір үйір жылқы сатып алатын қаржымнан айырылдым»

Ол зейнетке шығар алдында жоспар құрып, қаражатын жинап, психологиялық тұрғыда барынша дайындық жасаған. Кәсіп ашып, өмірін жалғастыруды мақсат еткен, бірақ ширек ғасыр уақытын әскери ортада өткізген Әділет Сүлейменовтің қоғамға бейімделуі бәрібір қиынға түсті. Ол әңгіме барысында бұрынғы әскери қызметшілерге қандай көмек керек екенін ашық айтты.

«2023 жылы мал шаруашылығымен айналысамын деген мақсатпен Бурабай ауданына барып, фазенда аштым. Өкінішке қарай, кәсібімді жүргізе алмадым. Ол жерде көп тәжірибе керек болды. Біз бала күнімізде көрген дүниелер мен қазіргі уақытты салыстыруға келмейді. Екі жылдай тырмысып көрдім, бірақ болмады. Бір үйір жылқы сатып алатындай қаражаттан айырылдым, қарызға баттым. Ақырында ісімді тоқтатуға тура келді. Салым суға кетіп, Астанаға қайтып келдім. Күзетші болып жұмыс істедім. Бір шетелдік елшінің резиденциясын күзеттім. Сол жерде жүргенде «neSPI» қорын әлеуметтік желіден көрдім. Полковник Рүстем Жантенов әскери қызмет кезінде бұрыннан танитынмын. Оның қолға алып жатқан жобасының дұрыс екеніне көзім жеткен соң, осында келдім. Ол кезде жөндеу жұмыстары жүріп жатқан. Осы жерге келіп, бір-екі күн қоқыс шығарып, көмектестім. 2024 жылы қор өкілдері маған Астана қаласындағы №25 мектепке алғашқы әскери даярлық пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеуді ұсынды. Менің негізгі мамандығым – педагог-психолог. Мені жұмысқа қабылдады.

Әділет Сүлейменов алғашқы әскери даярлық пәнінің оқытушысы болып бір оқу жылында №25 мектепте жұмыс істеген. Пәнді толыққанды оқытуға қажетті материалдық-техникалық база болмаған. Сондықтан ол оқушыларды әскери өмірмен таныстыру үшін әскери бөлімдермен және патриоттық бағыттағы жастар ұйымдарымен байланыс орнатқан. Оқушыларды әскери ант қабылдау рәсімдері мен түрлі іс-шараларға апарып, әскери қызметтің қыр-сырын көрсеткен. Қазір ол Ақмола облысы Целиноград ауданының Жаңаесіл ауылындағы колледжде педагог-психолог болып жұмыс істейді. Сонымен қатар студенттерге алғашқы әскери даярлық пәнінен сабақ береді.

Әскери өмірден шыққан адамға психологтың көмегі ауадай қажет

Әділет Сүлейменовтің айтуынша, әскери ортадан бөлініп қалған адам қоғамда өзінің арқа сүйер орта, көмек қолын созар азаматтардың барын сезіну керек. 

«Әскери интеграциядан кейінгі қоғамдастық» қоғамдық қоры сияқты екі ортада көпір болатын интеграциямен айналысатын ұйымдар керек. Бұл қорды да сол саладан шыққан азаматтар құрып отыр. 45 жасқа келген адам әскери ортадан бірден бөлініп қалған соң, «мен өмірдегі ең пайдасыз адаммын» деген ой келеді. Былай қарасаң әлі жассың, бірақ зейнеткерсің. Сосын адам жеке қалғанда миына түрлі қорқынышты ойлар келеді. Бәрі ондай ойлармен күресе алмайды. Көп жігіттер жеңілдікті ішімдіктен іздейді. Ішімдік ішкен соң бәрі жақсы сияқты көрінеді, организм оған үйрене береді. Есімде бір оқиға қалыпты. Осы қордың өкілдері Петропавл қаласынан бұрын лауазымы жоғары болған әскери қызметкерді тауып алып келген. Оны клиникаға апарып, қаратып, емделуіне көмектесті. Ол жақсы жаққа өзгерді. Сырттан тауып алып келген адам мен осы жерден шығарып салған кездегі адам мүлде екі бөлек еді. Менің ойымша, осы қордың филиалдарын көбейту керек. Мысалы, Өскемен – әскери адамдар көп тұратын өңірлердің бірі. Қысы қиын, таулы жер. Жыл сайын қаншама әскери қызметші зейнетке шығады. Ол жақта не болып жатқаны бізге белгісіз», - дейді ол.

Әскери қызметте жүргенде әркім өз міндетін біледі, ал азаматтық өмірде адам көп мәселені өзі шешеді. Бұрынғы әскери қызметшілердің кейбірі мұндай өзгеріске бірден үйренісе алмайды. Әсіресе ашуға ерік беріп, күш қолданатын жағдайлар кездеседі. Әділет Сүлейменов мұның соңы темір торға түсуге дейін апаруы мүмкін екенін айтады. Оның сөзінше, әскери қызметтен кетер алдында азаматтарды осындай жағдайларға да дайындау қажет.

«Кейбір жігіттер физикалық күшін есептей алмай, түрмеге түскен жағдайлар да бар. Қасында қадағалап тұрған командир жоқ. Азаматтық өмірде ақшаға қатысты мәселелер көп, алаяқтар ақшасын алдап алып қояды. Соған ызаланған адам физикалық күш қолданып, басқа біреуге зиян келтіруі мүмкін. Сондықтан азаматтық өмірге шығар кезде психологтармен сөйлескен дұрыс. Психологтардың өзіндік тәсілдері болады. Бір психолог аша алмаған адамды басқа психолог ашады. Әскерде жүрген адам азаматтық өмірге шыққанда бәрі жақсы болады деп ойлайды. Бұл - қате түсінік», - деді ол.

«Қайта тұрып, хақың бар жүгіруге»

Әділет Сүлейменов өз мамандығымен жұмысқа тұруға ұсыныс алғанда таңғалғанын жасырмады. Мектепке мұғалім болып кірер алдында қатты қобалжыған.

«Бір қызық оқиға бар. Мектепке жұмысқа кірер алдында ондағы адамдардың жүріс-тұрысын, жалпы ортаны көргім келді. Сол үшін үш тәулікке күзетші болып кірдім. Ресми құжат рәсімдеген жоқпын. Ол жерде де күзет бастығы полковник болды. Сол кісіге жағдайымды айттым, ол құптады. Бойымда қорқыныш болды. Мұғалім болып барғанда өзімді қалай ұстаймын деп ойладым. Мектеп мен үшін мүлде бейтаныс орта еді. Сонда барып, біреуге әскери сәлем беріп жатсам, «Мынаның ақауы бар ма?» деп ойлауы мүмкін ғой. Сондықтан мектепке бойымды үйрету үшін осындай қадамға бардым», - деді ол

Әділет Сүлейменов жеке кәсіп бастаймын деп, шығынға ұшырап, ақшасыз қалған кезде «Отанына не үшін қызмет екенін» саралаған. Бұл ой оған күш-қуат берген.  

«Зейнетке шығар алдында дайындалдым. Мал бағамын деп қора салдым. Материалдық тұрғыда дайындалдым. Психологиялық тұрғыда да дайынмын деп ойладым. Мен түсінбейтін көп нәрсе бар екен. Ауыл шаруашылығы саласындағы тәжірибем нөлге тең еді. Малды алдыма салып, жайып қойсам, өзі өсе береді деп ойладым, сөйтіп, қарызға баттым. Мұқағали атамыз «қайта тұрып, хақың бар жүгіруге» дейді ғой. Сол жерде сынып кетуге болатын еді, бірақ мен өзіме «Сонда 26 жылдық еңбегім далаға кете ме? Менің патриоттығым өтірік болғаны ма?» сұрақтар қойдым, өзімді жігерлендірдім. Қиын болды, бірақ қайта тұрдым. Оның үстіне отбасымның алдындағы міндеттерім бар. Қазір әскери салаға барғанымды мақтанышпен айта аламын. Психологтың алдында отырғанымда ол маған: «Неге сіз оқытушылыққа бет бұрмайсыз? Неге бармайсыз?» деп сұрады. Мен оған «Маған бола ма?» деп сұрадым. Ол резюмемді сұрады. Бұл 3 желтоқсан еді, келесі күні мектепке қабылдандым. Балалармен, ата-аналармен жұмыс істеуді үйрендім. Басында кейбір нәрсе ерсі көрінді. Мысалы, балалардың сыныпта хот-дог, сэндвич жеп отыратын Соған кәдімгідей ашуланатынмын. «Не сұмдық бұл?» дейтін едім. Педагогтер қауымына да ақырын үйреністім. Әскери орта мен педагогтер ортасы мүлде бөлек. Біз бұйрықты бір адамдай орындап, бір адамдай әрекет етуге үйренгенбіз. Ал мұнда әр педагогтің өз көзқарасы бар, ойын педагогикалық кеңесте ашық айтады. Көзқарас көп болған соң, пікірталас та көп болады. Мектепке жұмысқа кірген кезде алғашқы үш-төрт айдағы жалақымды ала алмай жүрдім, өйткені шоттарым бұғатталған еді. Кейін банктермен келісіп, қайта төлеу кестесін жасаттым. Қарыздарымды, шүкір, төледім», - дейді ол.

«Әскери зейнеткер деген аттың өзі – абырой»

Бұрын елге қызмет етіп, жауапты міндеттер атқарған Әділет Сүлейменовтің елшінің үйін күзетіп жүргені намысына тиген. Қиындықтарын отбасына білдірмей, іштей күйзелгенін айтады.

«Елшінің пәтерінің алдында отырып «Мен біреудің есігін күзету үшін жүрмін бе? Менің орным бұл жер емес еді ғой», - деп ойланатынмын.  Ол адамдар материалдық тұрғыда бізден әлдеқайда жоғары. Сондықтан бізге басқаша көзбен қарайды ғой. Маған өздерінің аспаздары жасаған тамақтан бір табақ алып шығып бергенде, намысыма қатты тиетін. «Мен ішпеймін» деп қайтарып жіберетінмін. «Мен намысымды нанға алмастыру үшін келген жоқпын. Маған айлық төленеді, тамағымды өзім сатып алып ішемін» дейтінмін. Есік алдындағы итке жасайтын жақсылық сияқты қабылдадым оны. Сол кезде қатты қиналдым. Бірақ қиналғаныңды кімге білдіресің? Үйге барғанда жұмыстан келдім деп келесің. Өзімді бала-шағамның алдында кінәлі сезіндім. Жұмыссыз жату ер адамға жараспайтын қылық қой.  Екі жылым босқа кетті. Қаржылық тұрғыда құлдырап кеттім. Бірақ екі жылмен адам өмірі өлшенбейді ғой. Алда қанша өмірің барын білмейсің. Өмірім осымен бітті деп ойласаң, адамдар үстіңнен аттап өте береді. Солай жүріп осындай қордың бар екенін білдім.  Психологқа баруға, көмек сұрауға намыстанатын әскерилер бар. Бірақ бұл жерге келіп, көмек алғанның еш ұяты жоқ, керісінше, далада қаңғып қалған ұят болады. Қоғамда мұндай жағдайлар бар және бола береді. Осындай орталықтарды шалғай ауылдарда да ашу керек деп ойлаймын. Зейнетке шығар уақытта 6 ай бұрын психологиялық көмек көрсетіледі, бірақ әскери психологқа әрбір әскери қызметші ашыла бермейді. Бір батальонға бір психолог жеткіліксіз. Оның үстіне әскери психологтар арнайы ережелердің аясында ғана жұмыс істейді. Ал азаматтық қоғамнан барған мамандарға әскери қызметшілер ашыла алады», -дейді ол.

Әскерден зейнетке шыққандардан бөлек, қызметтен түрлі себеппен кететін азаматтар да бар. Әділет Сүлейменов мұндай азаматтардың кейінгі өміріне көңіл бөлу керек деп санайды. Себебі әскери дайындықтан өткен адамдардың қоғамнан шеттеп қалуының соңы жақсылыққа апармауы мүмкін.

«Әскерден тек зейнет жасына байланысты ғана шықпайды, теріс қылықтары үшін де кететіндер бар. Олардың бәрі – запастағы әскери қызметшілер. Олар соғыс жағдайында елді қорғайтын азаматтар, сондықтан оларды сақтап қалу үшін де қоғамға бейімдеу керек. Әйтпесе қару қолдануды жақсы білетін, қабілеттті адамдар деструктивті қоғамдарға араласып кетуі мүмкін. Мен үшін әскери зейнетке шыққаныңның өзі – абырой. Сол абыройды өмір бойы көтеріп өтуің керек. Оны бір стақан арақпен шаймау керек деп ойлаймын», - деді ол.