Баланы әуелі мақтап, кейін отбасынан алыстатады: радикалды топтар жасөспірімдерді қалай арбайды
Сарапшылар олардың қандай тәсіл қолданып, қалай жұмыс істейтіні жайлы егжей-тегжейлі айтып берді
Баланың да діни тұрғыда сауатты болғаны дұрыс-ақ. Десе де кімнен, қандай ортада үйреніп жүргенін қадағалау қажет. Әсіресе жасөспірімдер өмірден орнын іздеп жүрген кезде сеніміне кіріп, санасын улайтындар кездесуі мүмкін.
Мысалы, өткен айда Атырауда экстремистік топ құрып, терроризмді насихаттады деген күдікке ілінген 10 адам ұсталды. Оларға тиесілі жасырын үш оқу орталығы жабылды. Ең сорақысы, ол балалар мен жасөспірімдерге арналған болып шықты. Тура осы сияқты айласын асырып, жастардың санасын улап жүрген мекемелер әлі де бар болуы әбден мүмкін. Сонда олар сенімге кіру үшін қандай тәсіл қолданады? Ата-ана баласының күмәнді ортаға түскенін қалай аңғара алады? Azattyq Rýhy осы сұрақтарға жауап іздеп, сараптап көрді.
Әр жылы болған оқиғаларға бір шолу жасасақ, былтыр Жетісуда тәртіп сақшылары заңсыз діни сабақ жүргізгендерді анықтады. Олардан да білім алғандар жеткіншектер болып шықты. Тексеру барысында шетелдік діни әдебиеттер мен оқу материалдары табылған. Ал 2024 жылы Алматы облысында 19 баланы заңсыз оқытқан медресе жабылды. Тағы кейін шегінсек, Түркістан тұрғыны кәмелетке толмаған 68 жасөспірімге заңсыз «білім» берген. Олардың ең кішкентайы небәрі 5 жаста еді. Заңсыз оқытқанымен қоса, еңбегі үшін 100 мың теңгеден ақы алған.
Балаңызды діни ортаға жібермес бұрын осы кеңеске құлақ түріңіз
Осы орайда Қызылорда облыстық дін істері басқармасы жанындағы «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» теолог маманы Олжас Нарымбетов діни білім беретін орталық таңдағанда нені ескеру керегін түсіндірді. Ол ең бірінші мекеменің заң жүзінде тіркелгені, оқытатын ілімнің мазмұны мен бағытына мән беру керек екенін айтады.
«Егер мекеме діни оқу орны ретінде жұмыс істесе, оның заңды тіркеуі, лицензиясы және бекітілген оқу бағдарламасы болуы қажет. Ата-ана лицензияның нақты қандай қызметке берілгенін, оқу орнының мекенжайы мен атқарып отырған жұмысы сәйкес келетінін тексергені жөн. Оқу бағдарламасының мазмұнында өзге діни көзқарастағы адамдарды негізсіз айыптау, басқа дін өкілдеріне дұрыс емес ой қалыптастыру немесе мемлекеттің зайырлы құрылымын жоққа шығару насихатталмауы керек», – деді маман.
Бұдан бөлек, ұстаздардың діни білімін қайдан жетілдіргенін, біліктілігін растайтын құжаттарының бар-жоғын да сұрауға болады. Себебі заңды әрі жауапты білім беру ұйымы ата-анадан өз қызметін жасырмайды. Керісінше, оқу бағдарламасы, сабақ кестесі, ұстаздары, мекенжайы мен ішкі тәртібі туралы ақпаратты ашық ұсынады. Егер қарапайым сұрақтарға жауап беруден жалтарған жағдайда теолог баланы ол жерге жіберуге асықпауды ұсынады.
Қандай жасөспірім радикалды топтың құрығына ілінуі мүмкін?
Мұндай топтардың қандай балаларды назарға алатынын нақты айту қиын. Өйткені олардың ықпалына кез келген жасөспірім түсуі мүмкін. Дегенмен өзін қоғамға қажетсіз сезінетін, эмоционалды қолдауға мұқтаж, отбасымен қарым-қатынасы күрделі, өмірлік мақсаты мен жеке ұстанымы әлі қалыптаспаған балалар сыртқы ықпалға осал келеді. Сондай-ақ әлеуметтік теңсіздікке сезімтал, интернетте көп уақыт өткізетін жасөспірімдер де өзгенің сөзіне тез сенуі мүмкін. Бұл туралы Toraighyrov University профессоры, психолог, республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Гүлназ Раздыкова айтты.
Гүлназ Раздыкова, психолог
Маманның сөзінше, баланың радикалды көзқарасқа бейімделуіне бір ғана фактор емес, бірнеше фактор қатар әсер етеді. Соның бірі – сыни ойлау қабілетінің әлі толық қалыптаспауы. Мұндай жағдайда жасөспірім интернеттен алған ақпаратын саралап, оның рас-өтірігін тексермейді.
Оқи отырыңыздар: Дін, білім және заң: зайырлы мемлекеттің негізгі қағидаттары қандай
Алдымен сеніміне кіріп, кейін ортасынан оқшаулайды
Түсінгеніміздей, жат ағымды насихаттайтындар бірден діни уағыз айтып, көзқарасын бұруға асықпайды. Алдымен балаға көңіл бөліп, әңгімесін тыңдап, қиындықтарына ортақтасқандай болады. Әсіресе отбасында немесе қатарластарының арасында өзін жалғыз сезінетін бала үшін мұндай қарым-қатынас ерекше әсер етеді. Ол өзін біреуге қажет адам ретінде сезініп, «мен қоғамға керекпін, менің қызығушылықтарым да маңызды» деген түсінік қалыптастыра бастайды.
Алайда психолог Гүлназ Раздыкованың айтуынша, мұндай жақындық уақыт өте келе баланың көзқарасын өзгертеді. Келесі кезеңде идеологияны қабылдату үшін психологияда дихотомиялық ойлау деп аталатын тәсілді қолданады.
«Яғни әлемді «біз және олар», «дұрыс және бұрыс» деп екіге бөледі. Адамдарды діни сеніміне қарай жіктеп, өзге көзқарастағыларға теріс қатынас қалыптастырады. Мұндай түсінік уақыт өте келе жеккөрушілікті, тіпті зорлық-зомбылықты ақтауға дейін жеткізуі мүмкін», – деп түсіндірді психолог.
Одан кейін оқшаулау кезеңі басталады. Оған ата-анасымен, достарымен, мұғалімдерімен араласуды шектеуді ұсынады. Мәселен, «олар сені түсінбейді», «намаз оқымайтын достарыңмен араласпа» деген мазмұндағы сөздер арқылы бұрынғы ортасынан алыстатуға тырысады.Яғни олар эмоционалды манипуляция, топпен сәйкестену және ақпараттық оқшаулау секілді механизм арқылы жұмыс істейді. Соның салдарынан жасөспірі жаңа ортаның көзқарасына тәуелді болады.
Баланы өзіне қаратып, сөзін жүргізудің тағы бір тәсілі – олардың әлеуметтік және материалдық жағдайын пайдалану. Олжас Нарымбетовтің айтуынша, жазғы демалыста мешіттердегі діни сауат ашу курстарына қатысатындар бар. Ал оқу жылы басталарда ауылдан қалаға келген студенттер жатақхана мен пәтер таппай дал болады. Осындай кезде «тамағың мен жатын орның тегін», «барлық жағдайыңды жасаймыз» деген ұсыныстар, әрине қызығарлықтай көрінеді.
«Рас, мұқтаж жастарға шын көмектесетін азаматтар мен ұйымдар да бар. Сондықтан кез келген тегін көмекке күмәнмен қарауға болмайды. Дегенмен кей жағдайда материалдық қолдаудың артында белгілі бір идеологиялық мақсат тұруы мүмкін екенін ескерген жөн. Қиын жағдайға тап болған студентке бір адам көмектесіп, кейін оны «тура жолдағы бауырларымен» таныстырып, тіпті солармен бірге тұруға шақыруы мүмкін», – дейді теолог.
Баланы кінәлау жағдайды ушықтыруы мүмкін
Психолог Гүлназ Раздыкованың айтуынша, баланың мінез-құлқындағы әр өзгеріс назардан тыс қалмау керек. Мәселен, жасөспірім достарынан алыстап, отбасымен сирек сөйлесе бастаса, көзқарасы мен күнделікті әдеттерін күрт өзгертсе, мұның себебіне үңілген жөн. Сондай-ақ интернетте бұрынғыдан көп уақыт өткізуі, әлеуметтік желідегі аккаунттарын жауып, тіпті ешкім білмейтін құпиясөз орнатуына да назар аудару қажет.
Дегенмен маман мұндай белгілердің біреуі ғана баланың радикалды топ ықпалына түскенін білдірмейтінін ескертеді. Сондықтан ата-ана асығыс қорытынды жасамай, өзгерістердің себебін анықтауға тырысуы керек.
Бұл ретте теолог Олжас Нарымбетов те баламен ашық сөйлесудің маңызын атап өтті. Оның сөзінше, өзін ешкім түсінбейді деп ойлаған жасөспірім сырттан қолдау көрсеткен адамдарға көбірек сенеді. Сондықтан баланың мінезіндегі өзгерісті байқаса, не мазалап жүргенін түсінуге тырысуы қажет.
«Баламен сабырлы, ашық сөйлескен дұрыс. Оның қандай діни ақпарат оқитынын, кімді тыңдайтынын, қандай сұрақтарға жауап іздеп жүргенін анықтаған жөн. Әңгіме бірден кінәлаудан емес, сұрақ қоюдан басталғаны дұрыс», – дейді теолог.
Мәселен, «Саған бұл пікірді кім айтты?», «Осы мәселе туралы басқа ғалымдардың түсіндіруін тыңдап көрдің бе?», «Неліктен бұл көзқарасты дұрыс деп есептейсің?» деген сұрақтар арқылы баланың ойын білуге болады. Егер оның діни түсінігінде күмәнді тұстар байқалса, қорқытып немесе кінәлаудың орнына білікті теолог не дінтанушының көмегіне жүгінген жөн. Қажет болған жағдайда психологпен де кеңесуге болады.
Ал бала белгілі бір радикалды көзқарастың ықпалына түскеннен кейін де оны оңалтуға мүмкіндік бар. Гүлназ Раздыкованың айтуынша, Қазақстанда діни экстремизмнен зардап шеккен адамдарға көмек көрсететін оңалту орталықтары жұмыс істейді. Онда теологтар мен психологтар мамандардың көмегімен адамның жағдайын қалпына келтіруге бағытталған жұмыс жүргізеді. Сонымен қатар ата-аналар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына, жергілікті мешіттерге де жүгіне алады.
«Оңалтуға қанша уақыт қажет екені әр адамның жеке ерекшелігіне байланысты. Бір жасөспірімге бірнеше апта немесе ай жеткілікті болса, енді біріне ұзағырақ уақыт қажет болуы мүмкін. Бұл оның сыртқы ықпалға қаншалықты бейім болғанына және белгілі бір көзқарасқа қаншалықты терең бойлағанына байланысты», – деді ол.
Психологтың пікірінше, оңалтудың мақсаты – адамды белгілі бір көзқарастан күшпен бас тартқызу емес. Ең маңыздысы – оның ойлау қабілетін қалпына келтіру, әлеуметтік байланыстарын нығайту және қоғамға деген сенімін қайта қалыптастыру. Бұл үдерісте отбасының қолдауы ерекше рөл атқарады.
Мамандар баланың діни білім алып жүрген ортасына күмән туындаса, ата-аналар облыстық дін істері басқармасына, Дін мәселелерін зерттеу орталығына немесе Мәдениет және ақпарат министрлігінің Дін істері комитетіне жүгінуге болатынын айтады. Білім беру қызметіне қатысты мәселелер бойынша Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінен кеңес алуға болады. Заңға қайшы немесе нақты қауіп белгілері байқалса, құқық қорғау органдарына хабарлаған жөн. Сондай-ақ «114» ақпараттық-консультациялық желісіне жүгінуге болады.
«Әлеуметтік желідегі танымал уағызшының бәрі білікті маман емес»
Қазір жастар кей сұрақтарға жауапты мешіт пен кітаптан ғана емес, әлеуметтік желіден де іздейді. TikTok, Instagram және YouTube платформаларында уағыз айтатындар аз емес. Алайда олардың арасында білімі мен біліктілігі нақты тексерілмеген адамдар да болуы мүмкін. Теолог Олжас Нарымбетовтің айтуынша, уағызшының танымалдығы оның діни сауатының жоғары екенін білдірмейді.
«Әлеуметтік желідегі танымалдық адамның діни білімінің тереңдігін білдірмейді», – дейді маман.
Олжас Нарымбетов, теолог
Оның сөзінше, кейбір уағызшылар терминдерді жиі қолданып, күрделі сұрақтарға сенімді әрі нық жауап беру арқылы жастарға беделді болып көрінеді.
«Бірақ көпшілік олардың қайда білім алғанына, қандай ғылыми еңбектерге сүйенетініне емес, шешендігі мен аудиториясының көптігіне назар аударады. Арабша сөздерді жиі қолдану немесе діни үлгіде киіну де адамның білікті маман екенін дәлелдемейді. Оның үстіне, діни мәселелердің барлығына біржақты жауап беруге болмайды. Кейбір тақырыптарды түсіну үшін тарихи жағдайды, құқықтық нормаларды және ислам ғалымдарының түрлі түсіндірмесін ескеру қажет. Ал аяттар мен хадистердің мағынасын толық зерделемей, жекелеген үзінділерге сүйеніп кесімді пікір айту діни түсініктің бұрмалануына әкеледі», – дейді теолог.
Әсіресе қоғамды «дұрыс» және «бұрыс» деп бөліп, өз пікіріне қосылмаған адамдарды айыптайтын уағыздарға сақ болған жөн. Мұндай жағдайда жастар ақпараттың қайдан алынғанын, оны айтып отырған адамның діни біліктілігін және пікірінің қандай негізге сүйенетінін тексеруі керек. Сондықтан теолог жастарға діни сұрақтарға жауап іздегенде бір ғана уағызшының сөзіне сүйенбей, ақпаратты бірнеше сенімді дереккөзбен салыстыруға және білікті мамандардан кеңес алуға шақырады.
Біздің Instagram және TikTok желісіндегі парақшаларымызға жазылыңыздар.
