Голан жоталарындағы қызмет: Қазақстаннан барған жеті әйелдің біреуі Бейруттағы жарылыстан жараланғандарды емдеген
2026 жылғы мамырда аймаққа үшінші ұлттық контингент аттанды
Қазақстан 2024 жылдан бері Голан жоталарындағы «Біріккен Ұлттар Ұйымының бөлуді бақылау жөніндегі күштеріне (UNDOF) миссиясына дербес ұлттық контингент жіберіп келеді. Алғашқы құрамның елге оралғанына бір жылдан асты, Қазақстанның бұл бағыттағы қызметі жалғасып жатыр. 2026 жылғы мамырда аймаққа үшінші ұлттық контингент аттанды. Бұл еліміздің халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесін жалғастырып қана қоймай, әскери әлеуетін халықаралық деңгейде шыңдады.
Бітімгерлік миссияға қатысып жүрген әскери қызметшілер қалың ел атынан халықаралық міндеттер атқарып жүр. Алғашқы қазақстандық контингент құрамында болған ефрейтор Айкерім Сесерхан Голан жоталарында бір жыл бір ай қызмет етіп, бітімгерлердің денсаулығына жауап берген. Сегіз жылдық тәжірибесі бар медбике-анестезист бұған дейін Арыс пен Ливандағы жарылыстардан зардап шеккендерге медициналық көмек көрсеткен. Айкерім Сесерхан Azattyq Rýhy тілшісіне Голан жоталарындағы қызметі, шетелде Қазақстан атынан қызмет етудің жауапкершілігі туралы әңгімелеп берді.
Төрт жылдық дайындық және алғашқы дербес миссия

Қазақстанның БҰҰ аясындағы бітімгерлік қызметке қатысу тәжірибесі 2014 жылдан басталып, әскери қызметшілер басқа мемлекеттердің контингенттері құрамында қызмет атқарған. 2024 жылы еліміз Голан жоталарына 139 әскери қызметшіден тұратын алғашқы дербес ұлттық контингентін жіберді. Оның құрамында жеті әйел болды. Айкерім Сесерхан халықаралық бітімгерлік қызметке бару үшін бірнеше жыл бойы дайындалған.
«Медицина маманы болу – менің жүрек қалауым. Әрдайым адамдарға көмектескім келетін. Әскери медицина саласында сегіз жылдан бері еңбек етіп келемін. Бітімгерлік миссияға қатысуды төрт жыл бойы мақсат еттім. Халықаралық және республикалық әскери іс-шараларға қатыстым. 2020 жылы Ливанға іссапармен барып, Бейруттағы жарылыстан зардап шеккен тұрғындарға медициналық көмек көрсетуге атсалыстым. Мұның бәрі кейінгі миссияға дайындықтың бір бөлігі болды», – дейді ол.
Айкерім халықаралық миссияға аттану үшін кәсіби біліммен қатар физикалық және психологиялық дайындық қажет екенін айтады. Оның сөзінше, дайындық бірнеше кезеңнен тұрған.
Ол 2021 жылы Алматы қаласындағы Бітімгерлік операциялар орталығында әскери медицина қызметкерлеріне арналған оқу-жаттығуға қатысқан. Алты ай бойы теориялық және практикалық білім алып, кейін полигондық жаттығуларға барған. 2022 жылы орталықта ағылшын тілін үйреніп, АҚШ-тан келген мамандардың кәсіби бағалауынан өткен.
«Бастапқыда медициналық құрамды жеке миссияға жіберу жоспарланған еді. Кейін шешім өзгеріп, бізді Таяу Шығысқа аттанатын жалпы контингент құрамында дайындай бастады. Жалпы 139 адамнан тұратын құрам жасақталды. Миссияға бару үшін тек кәсіби білім жеткіліксіз. Психологиялық және физикалық тұрғыдан да дайын болуың керек. Алматыдағы бітімгерлік базасында жарты жылдай дайындалып, түрлі тактикалық оқу-жаттығулардан өттік. Сонымен қатар баратын жеріміздің ерекшеліктерімен таныстық», – дейді Айкерім.
Оның негізгі міндеті – әскери базадағы жеке құрамның денсаулығын бақылау болса да, кез келген жағдайда көмек көрсетуге дайын болу керек еді.
«Өмірімізге тікелей қауіп төнген жағдай болған жоқ. Бірақ атыс, жарылыс, көтеріліс болған сәттер кездесті. Мұндай кезде әр әскери қызметші өз міндетін мұқият орындап, белгіленген тәртіпті сақтауы керек. Біз үнемі дайындықта жүрдік. Әркім өзінің жауапкершілігін жақсы түсінді. Қандай жағдай болса да, сабыр сақтап, тапсырманы орындауға тырыстық», – дейді әскери медицина маманы.
Шетелде Қазақстан атынан қызмет етудің жауапкершілігі өте жоғары

Айкерім үшін де шетелдегі қызметтің мәні тек әскери тапсырмаларды орындаумен шектелмеген.
«Біз ол жаққа жеке өз атымыздан емес, Қазақстанның атынан бардық. Сондықтан әр әрекетімізге мұқият қарап, әскери тәртіп пен кәсіби міндетімізді жоғары деңгейде орындауға тырыстық. Шетелде жүргенде еліміздің атын танытып жүргенімізді түсінесің. Менің міндетім – жеке құрамның денсаулығына жауап беру, қажет кезде медициналық көмек көрсету. Осы арқылы өз үлесімді қосуға тырыстым. Миссияны аман-есен аяқтап, елге оралуымыз біз үшін үлкен қуаныш болды», – дейді ол.
Айта кетейік, Қазақстанның Голан жоталарындағы бітімгерлік қызметі алғашқы құраммен аяқталған жоқ. 2026 жылғы 19 мамырда аймаққа 139 әскери қызметшіден тұратын үшінші ұлттық контингент аттанды. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, үшінші құрамның негізгі міндеттеріне жауапкершілік аймағын патрульдеу, бақылау бекеттерін күзету, жарылғыш заттарды залалсыздандыру, БҰҰ қызметкерлерін алып жүру және қажет жағдайда эвакуациялау кіреді.
2026 жылғы 30 қыркүйекте үшінші контингент БҰҰ миссиясының бағалау инспекциясынан сәтті өтіп, жоғары баға алған. Маусым-қыркүйек аралығында қазақстандық әскери қызметшілер 470 жедел іс-шара өткізіп, 350 жарылғыш зат пен атыс қаруына арналған 1800 оқ-дәріні жойған.
«Бейбіт өмірдің қадірін шетелде жүргенде түсіндім»
Голан жоталарындағы әскери базадағы тұрмыс-тіршілік арнайы ұйымдастырылған. БҰҰ әскери қызметшілерді жатын орынмен және азық-түлікпен қамтамасыз еткен. Қазақстандық контингент өзімен бірге алты аспаз алып барған, сондықтан жеке асханасы болған.
Айкерімнің сөзінше, олар отбасымен WhatsApp арқылы байланысып отырған. Жергілікті тұрғындармен қарым-қатынас шектеулі болған, негізінен, келіссөздер кезінде басшылық сөйлескен. Спикердің айтуынша, шетелдегі бір жылдан астам уақыт оның өмірге деген көзқарасына әсер еткен. Ол қауіпсіздік пен бейбітшіліктің қадірін тереңірек түсінгенін айтады.
«Сол жақтағы жағдайды өз көзіммен көргеннен кейін елімізде тыныш, тәуелсіз, бейбіт өмір сүріп жатқанымызға шүкіршілік еттім. Кейде біз өзімізде жоқ проблемаларды қолдан жасап, несие, қарыз және басқа да мәселелерге бола шаршап жүреміз. Ал шын мәнінде, айналамыздағы тыныштықтың, қауіпсіздіктің қадірін біле бермейміз. Голан жоталарындағы өмір маған барға қанағат етуді, қарапайым болуды, адамдарға күлімдеп қарауды үйретті. Ең бастысы, негативке берілмей, қолда бардың қадірін түсіну керегін ұқтым. Бейбіт өмірдің бағасын бұрын да білетінмін, бірақ шетелдегі тәжірибеден кейін бұл сезімім одан сайын күшейді», – дейді ол.
2025 жылы елге оралған Айкерім Сесерхан Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің «Үздігі» төсбелгісімен марапатталған. Оның айтуынша, бітімгерлік миссияға қатысу арқылы кәсіби тұрғыдан үлкен тәжірибе жинаған.
«Бұл миссия мен үшін үлкен тәжірибе болды. Төрт жыл бойы мақсат еткен арманым орындалды. Әртүрлі жағдайда жұмыс істеуді, жауапкершілікті сезінуді, басқа ортаға бейімделуді үйрендім. Ең бастысы, аман-есен елге оралып, отбасыма қауыштым», – дейді әскери медицина маманы.
