Жамбыл облысында алимент төлеуден жалтарған азаматтар жазаланды
Борышкердің қаржылық мүмкіндігі бола тұра, қарызды өтеуге әрекет жасамауы салдарынан берешек сомасы 3,2 млн теңгеге жеткен
Жамбыл облысының Талас ауданында прокуратураның араласуынан кейін бала алдындағы берешегін жылдар бойы төлемей келген азаматтардан миллиондаған теңге өндірілді. Қадағалау органы кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау бағытындағы тексеріс қорытындысын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тексеріс барысында Талас ауданының тұрғыны 2023 жылдан бері өз баласын асырауға тиесілі алиментті төлеуден жалтарып келгені белгілі болды. Борышкердің қаржылық мүмкіндігі бола тұра, қарызды өтеуге әрекет жасамауы салдарынан берешек сомасы 3,2 млн теңгеге жеткен.
Аудан прокуратурасының бастамасымен азаматқа қатысты Қылмыстық кодекстің 139-бабы («Балаларын күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеу жөніндегі міндеттерді орындамау») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Тергеу кезінде борышкер кінәсін толық мойындап, 3,2 млн теңге қарызды түгел өтеді және алдағы уақытта төлемдерді уақытылы аударуға міндеттенді. Кейіннен рақымшылық жасау актісінің қолданылуына байланысты қылмыстық іс тоқтатылды.
Прокуратураның қадағалау актілері негізінде ауданда тағы бірқатар шара қабылданды. Атап айтқанда, екінші борышкерге қатысты басталған тергеп-тексеру барысында алимент қарызы толық өтелген. Тараптардың татуласуына байланысты қылмыстық іс қысқартылды.
Сонымен қатар сот актілерін орындамағаны үшін 14 борышкер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 669-бабының 1-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылды. Олардың 8-і әкімшілік қамаққа алынса, 6 азаматқа айыппұл салынды.
Қадағалау органы алименттік міндеттемелердің орындалуы мен балалардың құқықтарын қорғау мәселесі тұрақты бақылауда екенін мәлімдеді.
