Екі жасар баласына былапыт сөз айтқызып, видео түсірген ақтөбелік әйелдің үйіне полиция келді
Оған 86 500 теңге айыппұл салынды
Ақтөбе тұрғынына полиция ірі көлемде, дәлірек айтсақ, 86 500 теңге айыппұл салды. Әйел адам екі жасар баласының видеосын жариялаған. Видеоның ішінде баласы да, анасы да бірнеше рет жаман сөз айтқан, деп жазады Azattyq Rýhy.
Полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, әлеуметтік желіге мониторинг жүргізген полиция осы әйелдің видеосына тап болған. Тексере келе полиция видеоны баланың анасы өз жүктеп, өзі таратқанын анықтады. Баланың анасы полицияға түсініктеме жазып, кінәсін мойындаған.
«Бала ата-анасы ол туралы қандай контент жүктеп жатқанын білмейді, түсінбейді. Сондықтан, бүкіл жауапкершілік ата-анасының мойнында», - деген пікірді ұстанған полиция департаменті.
Осылайша, баласына былапыт сөз айтқызып, видео түсірген әйел 86 500 теңге айыппұл төлейтін болды.
