Алматыда бес адам тірідей жанып кетті: түн ішінде жатақханаға кірген әйел қызғаныштан өрт қоюы мүмкін бе

Бақылау камералары оқиғаға дейін үйге кірген бөтен әйелді түсіріп алған. Қазір тергеу осы нұсқаны тексеріп жатыр

Алматыда бес адам тірідей жанып кетті: түн ішінде жатақханаға кірген әйел қызғаныштан өрт қоюы мүмкін бе
Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Алматының Бостандық ауданындағы бес адамның өмірін қиған өртке қатысты жаңа дерек пайда болды. Тәуелсіз журналист Михаил Козачковтың мәліметінше, жатақхананы белгісіз әйел әлдекімдерден кек алу үшін қасақана өртеуі мүмкін екенін жазды. Себебі осы үйде тұрған азаматтың бірімен бұрын қарым-қатынаста болған көрінеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бақылау камералары оқиғаға дейін үйге кірген бөтен әйелді түсіріп алған. Қазір тергеу осы нұсқаны тексеріп жатыр.

Козачковтың жазуынша, өрттің шығу себебін анықтау барысында өрт басталған ошақ табылған. Алдын ала мәлімет бойынша, ғимарат ішіндегі бензин тұтанған болуы мүмкін. Мұны арнайы құрал арқылы анықтаған.

«Бұдан бөлек, бақылау камералары өрт басталардан бірнеше минут бұрын үйге қара күртеше мен сұр бас киім киген әйелдің кіргенін түсіріп алған. Ол ғимарат ішінде небәрі бірнеше минут болған. Әйел сыртқа шыққаннан кейін көп ұзамай үйден түтін шыға бастаған», - деді ол.

Қазір әйелдің жеке басы анықталған. Тергеу оның осы үйде тұрған ер адамдардың бірімен бұрын қарым-қатынаста болған-болмағанын тексеріп жатыр. Қылмыстың ықтимал себебі ретінде кек алу немесе қызғаныш нұсқалары қарастырылып жатқан көрінеді.

«Алдын ала мәлімет бойынша, қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 292-бабының 3-бөлігі – «Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу салдарынан екі немесе одан да көп адамның абайсызда қаза табуы» бойынша тергеліп жатыр. Бұл бапта бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Дегенмен өрттің қасақана қойылғаны, күдікті әйелдің әрекеті мен ықтимал қылмыс мотиві әзірге ресми түрде расталған жоқ», - деді Козачков.

Айта кетейік, қайғылы жағдай 26 қарашаға қараған түні Вахтангов көшесінде болған. Өрт таңғы сағат 03:30 шамасында басталған. Алғаш болып үй иелері оянып, сыртқа жүгіріп шыққан. Олар басқа тұрғындарды да оятуға тырысқан. Өрт сөндірушілер оқиға орнына жедел жетіп, өртті бір сағатқа жетпейтін уақытта толық сөндірген. Алайда үйден бес адам шығып үлгермеген.

«Олардың арасында Өзбекстанның екі азаматы, 64 жастағы әйел мен оның 41 жастағы қызы, сондай-ақ 2017 жылы туған қыз бала бар», - деп жазды Козачковтың дерегінде.

Еске салайық, Алматы қаласы Полиция департаменті бұған дейін Бостандық ауданындағы жеке тұрғын үйде болған өрт фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған. Полиция оқиғаның барлық мән-жайы, өрттің шығу себебі мен адамдардың қаза болу жағдайы анықталып жатқанын мәлімдеген.