Алматыда бес адам қаза тапқан өртке байланысты қылмыстық іс қозғалды

Қазір полиция өрттің шығу себебі мен адамдардың өліміне қатысты мән-жайды анықтап жатыр

Алматыда бес адам қаза тапқан өртке байланысты қылмыстық іс қозғалды
Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Алматының Бостандық ауданындағы жеке тұрғын үйде болған өртке байланысты қылмыстық іс қозғалды. Қайғылы оқиғадан бес адам, оның ішінде бір бала қаза тапты. Қазір полиция өрттің шығу себебі мен адамдардың өліміне қатысты мән-жайды анықтап жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Алматы қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, аталған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалған.

«Бостандық ауданындағы жеке тұрғын үйде болған өрт фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізілуде. Өрттің шығу себебі мен адамдардың қаза болу мән-жайы анықталып жатыр», – деп хабарлады Алматы қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Еске салайық, 26 қарашаға қараған түні Алматының Бостандық ауданындағы жеке тұрғын үйден өрт шыққан. Төтенше жағдайлар қызметіне хабарлама түнгі сағат 03:44-те түскен.

Өрт сөндірушілер шақырту түскеннен кейін төрт минуттан соң оқиға орнына жеткен. Алайда сол кезде үйді түгелдей жалын шарпыған. Өрт сағат 04:42-де толық сөндірілді.

Тілсіз жауды ауыздықтауға Төтенше жағдайлар департаментінің 35-ке жуық қызметкері мен тоғыз техникасы жұмылдырылды. Оқиға орнынан бес адамның, оның ішінде бір кәмелетке толмаған баланың мәйіті табылды.