Семейдің тыныс-тіршілігіне әсер ететін жобалар: қалада не өзгеріп жатыр
Қалада тұрғын үй, коммуналдық инфрақұрылым, су және жылумен жабдықтау салаларын дамытуға бағытталған бірқатар ірі жоба жүзеге асырылып жатыр
Семейде жаңа аурухана мен мектептер салынып, әкімшілік-іскерлік орталық, театр, стадион және өнер орталығы да бой көтереді. Мұндай жоспарлар қараша айының басында Абай облысының әкімі Берік Уәли төрағалық еткен арнайы жиында талқыланды. Аймақ басшысы жауаптыларға әрбір жобаның уақтылы аяқталып, ең бастысы сапалы болу керек екенін де шегелеп айтты.
Иә, жоспар ауқымды. Ал қаланың қазіргі ахуалы қандай? Осы сұрақтарға жауап іздеген Azattyq Rýhy шаһардың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін зерттеп, негізгі салалардағы өсім мен өзгерістерді саралады.
Фото: gov.kz
Қала экономикасында қандай өзгеріс бар?
2024-2026 жылдар аралығындағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге қарасақ, Семейде бірқатар салада өсім байқалады. Мысалы осы жылы қаңтар-қазан айларында қаладағы өнеркәсіп өнімінің көлемі 373,7 миллиард теңгеге жеткен. Бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 42,2% артық. Ал өсімнің негізгі бөлігі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Аталған саладағы өндіріс көлемі 336,9 миллиард теңгені құрап, өткен жылдармен салыстырғанда 41,8% артқан.
Сауда саласында да оң өзгеріс бар. Бөлшек сауда көлемі 458,9 миллиард теңгеге жетіп, 30,7 пайыз өскен. Көтерме сауда айналымы 304,5 миллиард теңгені құрап, 22% артты.
Айта кетейік, Семейде 28 268 шағын және орта кәсіпкерлік субъекті бар.
Фото: gov.kz
Құрылыс жұмыстарының көлемі ақшалай мәнде 80,3 миллиард теңгеге жеткен. Бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңінен 7,5% жоғары.
Қаланың дамуына бағытталған қаржыландыру да маңызды мәселе. 2024-2026 жылдары Семей қаласын дамыту үшін республикалық және жергілікті бюджеттерден жалпы 55,6 миллиард теңге бөлінген. Оның 53,4 миллиард теңгесі жергілікті бюджет есебінен, ал 2,1 миллиард теңгесі республикалық бюджет пен Ұлттық қордан қарастырылған.
Бұл қаражат қаладағы түрлі саланың дамуына бағытталған. Соның ішінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарының орны ерекше.
Жылу желілерін жаңғыртуға 18 жоба бағытталған
Қысы ұзақ әрі суық Семей үшін жылумен жабдықтау жүйесінің тұрақты жұмыс істеуі аса маңызды. Қала тұрғындарын жылумен қамтамасыз ету «Теплокоммунэнерго» МКК қарамағындағы 21 қазандық пен ТЭЦ-1 арқылы жүзеге асырылады. Кәсіпорын балансында 74 орталық жылу пункті мен 96 қазандық агрегаты бар. Ал жылу желілерінің жалпы ұзындығы екі құбырлы есеппен 346,71 шақырымды құрайды. Қолданыстағы желілердің тозу деңгейі – 61,5 пайыз.
Осы инфрақұрылымды жаңарту мақсатында биыл жалпы ұзындығы 53,7 шақырымды құрайтын 18 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның жетеуі республикалық бюджет, екеуі Үкімет резерві, жетеуі жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады. Тағы бір жоба Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылады.
Жобалар магистральді және кварталішілік жылу желілерін қайта жаңғыртуды, ескірген құбырларды ауыстыруды, желілердің өткізу қабілетін арттыруды және орталық жылу пункттерін жаңартуды қамтиды.
Фото: gov.kz
Бұған қоса өткен жылдан қалған, яғни ауыспалы екі жобаны биыл толық аяқтау да басты назарда.Оның біріншісі – «Габбасова» және «103-103А» қазандықтарының арасындағы жалғастырғыш жылу желілерін салу. Екіншісі – «Центр» қазандығы аумағындағы желілерді коллекторлар мен сорғы тобын ауыстыра отырып қайта жаңғырту.
Жылу жүйесін жаңғырту тек құбырларды ауыстырумен шектелмейді. Жылу көздерінің жұмысын жақсарту да маңызды. Осы мақсатта Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту ұлттық жобасы аясында «103-103А» қазандығын қайта жаңғыртудың бірінші кезеңі қолға алынған. Жоба бойынша қуаты сағатына 30 Гкал болатын қосымша су жылыту қазандығын орнату көзделген. Сонымен қатар «35 квартал» қазандығын қайта жаңғырту жұмыстары қарастырылған. Аталған жобалар жылу көздерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған.
Тұрғындарының 81 пайызы орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілген
Қаланың инженерлік инфрақұрылымындағы тағы бір маңызды бағыт – сумен жабдықтау және су бұру жүйесі. Бүгінде Семей тұрғындарының 81 пайызы орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілген. Қалған бөлігін сапалы ауызсумен қамту үшін инженерлік желілерді кезең-кезеңімен дамыту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қаланың сумен жабдықтау жүйесінің жалпы жобалық қуаты тәулігіне 178,4 мың текше метрді құрайды. Ол төрт қалалық су алу нысаны – «Смычка», «Большой», «Свобода» және «Затон», сондай-ақ қалаға қарасты елді мекендердегі 12 су алу нысаны арқылы жұмыс істейді.
Өткен жылы нақты су алу көлемі тәулігіне 59,9 мың текше метр болған. Бұл жүйенің жалпы жобалық қуатының 33,6 пайызына тең.
2026 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша Семей қаласы мен оған қарасты елді мекендердегі су құбырлары желілерінің жалпы ұзындығы 542,3 шақырымға жеткен. Оның 424,4 шақырымы Семей қаласында, 117,9 шақырымы қалаға қарасты елді мекендерде орналасқан.
Су құбырларының тозу деңгейі 71 пайызды құрайды. Қайта жаңғыртуды қажет ететін желілердің ұзындығы – 385,07 шақырым.
Оқи отырыңыздар: Баланы әуелі мақтап, кейін отбасынан алыстатады: радикалды топтар жасөспірімдерді қалай арбайды
Кәріз жүйесінде де жаңғырту жұмыстары маңызды. Қала мен Шүлбі кентіндегі кәріз желілерінің жалпы ұзындығы 286,3 шақырымды құрайды. Олардың тозу деңгейі 73 пайызға жеткен. Қайта жаңғыртуды қажет ететін кәріз желілерінің ұзындығы – 210,51 шақырым.
Сонымен бірге соңғы жылдары сумен жабдықтау инфрақұрылымын кеңейту бағытында бірқатар нысан пайдалануға берілген. 2023-2025 жылдары жаңадан салынған және аяқталған 28 нысан жедел басқаруға тапсырылған. Олардың жалпы ұзындығы – 315,248 шақырым.
Мәселен, «Смычка» су алу нысанынан Энергетик кентіне дейін сорғы станциясымен бірге 29,249 шақырым су құбыры салынған. Новобаженова ауылында су алу нысаны мен су құбырларын салу, Гидростроитель шағын ауданындағы қолданыстағы желілерді қайта жаңғырту жобасы аясында 17,795 шақырым желі кәсіпорын басқаруына берілген. Сондай-ақ Восход кентінде 2,465 шақырым жаңа магистральдық су құбыры салынған.
Бұл жерде жаңа желілердің пайдалануға берілуі мен бұрыннан бар құбырларды қайта жаңғыртудың екі бөлек жұмыс екенін атап өткен жөн. 315,248 шақырым көрсеткіш жаңадан салынған және аяқталған нысандарды қамтиды.
Фото: gov.kz
Жаңа технология енгізіледі
Коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуда техникалық жұмыстармен қатар цифрлық шешімдердің де маңызы артып келеді. Осы бағытта 2026 жылдан бастап Семейде сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің өндірістік процестерін автоматтандыру жобасы басталған. Жоба аясында SCADA жүйесі енгізіледі. Бұл технология су алу, су тарату және су бұру нысандарындағы өндірістік процестерді автоматтандыруға, жабдықтардың жұмысын қашықтан бақылауға және технологиялық көрсеткіштерді жедел қадағалауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ апаттық жағдайлардың алдын алуға бағытталған.
Жобаның мердігері – «АстанаЭлектроСтройСервис» ЖШС. Техникалық қадағалауды «IT-Invest company» ЖШС, авторлық қадағалауды «Проект Дизайн Құрылыс» ЖШС жүзеге асырады.
Ал 2027-2028 жылдарға арналған ұлттық жоба аясында екі ірі нысанды жаңғырту жоспарланған. Оның бірі – «Большой» су алу нысанынан Лебаев көшесіне дейінгі су құбыры желісі. Екіншісі – Семей қаласынан Жарқын ауылына дейінгі су құбыры.
Кәріз жүйесін жақсарту үшін де бірқатар жоба әзірленген. 2026 жылы ұлттық жоба аясында Семейдің кәріз-тазарту құрылыстарын қайта жаңғырту жобасы қарастырылған. Конкурстық рәсімдер өткізілгенімен, түскен шағымдар мен өтініштерге байланысты мердігермен келісімшарт әлі жасалмаған.
Бұдан бөлек, «Семей Водоканал» МКК-ның 2027-2031 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламасында №1, Дортехника және Наркология кәріздік сорғы станцияларын қайта жаңғырту көзделген. Сондай-ақ сарқынды суларды қабылдау және төгуге арналған автоматтандырылған станция орнату, кәріз желілерін тазалайтын арнайы техника мен жабдықтар сатып алу жоспарланған.
Инвестициялық бағдарлама бойынша негізгі құралдардың тозу деңгейін 9,3 пайызға, апаттық көрсеткішін 0,8 пайызға және нормативтік шығындарды 0,74 пайызға төмендету көзделіп отыр.
Электр желілерін жаңарту жұмыстары да қолға алынған
Биыл Семейде коммуналдық меншікке берілген иесіз электр желілерін жаңғырту жұмыстары басталған.
Атап айтқанда, «Водный» және «Восточный правый» саяжай алқаптарындағы электрмен жабдықтау желілері жаңартылып жатыр. Бұл учаскелердегі электр желілерінің тозу деңгейі шамамен 85 пайызды құрайды.
Жұмыс барысында 500-ден астам электр беру желілерінің тірегін орнату және 15 шақырымнан астам электр кабелін тарту көзделген. Бұл – бұрыннан пайдаланылып келе жатқан электр инфрақұрылымын ретке келтіруге бағытталған жобалардың бірі.
Көпқабатты үйлер қандай жағдайда?
Қазір қалада 1598 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның ішінде 58-і апатты болса, ал 13 үйдің тозығы жеткен.
Тұрғын үйлердің ортақ мүлкін күтіп ұстау және лифт жабдықтарын жаңарту бағытында да жұмыстар жүргізіліп келеді. 2024 жылы мемлекеттік бағдарлама аясында Дулатов көшесі 145 және 15-шағын аудан, 18-үй мекенжайларындағы тұрғын үйлердің өтінімдері бойынша төрт лифт ауыстырылған. 2025-2026 жылдары да лифтілері ауыстыруға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, бүгінде үш лифт жаңартылған.
Қаланың сәулеттік келбетін жақсарту мақсатында тағы бір жоба жүзеге асқан. Демеушілердің қаражаты есебінен 30 көпқабатты тұрғын үйдің қасбетін күрделі жөндеу жоспарланып, жұмыстар толық аяқталған. Жобаның мердігері – «Karshyga construction» ЖШС.
Алдағы міндет – өсімді арттыру
Жалпы, біздегі мәліметтерге зер салып, өнеркәсіп өндірісінің 42,2%, өңдеу өнеркәсібінің 41,8%, бөлшек сауданың 30,7%, көтерме сауданың 22% және жеке инвестициялардың 44,3% өскенінен қаланың экономикалық белсенділігінің де артып келе жатқанын байқадық.
Қаланың экономикалық әлеуетін одан әрі арттыру үшін негізгі салалардағы өсімді сақтап, жаңа даму мүмкіндіктерін кеңейту көзделіп отыр. Қалалық экономика және қаржы бөлімі өнеркәсіп өндірісін ұлғайту, инвестициялық жобаларды тарту және кәсіпкерлік белсенділікті қолдау бағытындағы жұмыстарды жалғастыруды ұсынады.
Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібіндегі оң динамиканы сақтау, жаңа өндіріс орындарын ашу және тау-кен өнеркәсібіндегі өндіріс көлемінің төмендеу себептерін зерделеу маңызды бағыттардың бірі болып отыр. Инвестиция саласында жеке капитал тарту қарқынын сақтап, жаңа жобаларды іске асыруға жағдай жасау, сондай-ақ бюджеттік инвестициялардың тиімділігін арттыру көзделген.
Фото: gov.kz
Ауыл шаруашылығында өнім көлемін ұлғайту, тауар өндірушілерді қолдау және өндіріс тиімділігін арттыруға бағытталған шараларды қабылдау ұсынылады.
Шағын және орта бизнесті дамыту да назардан тыс қалмайды. Бұл бағытта кәсіпкерлік субъектілерінің санын көбейту, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың қызметін сақтауға қолдау көрсету және жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал ету жоспарланып отыр.
Құрылыс және тұрғын үй саласында пайдалануға берілетін тұрғын үй көлемін арттыру, құрылыс жобаларының орындалу мерзімін бақылау және құрылыс жұмыстарының нақты көлемін ұлғайту міндеттері белгіленген.
Осылайша, қаланың экономикалық дамуында қол жеткізілген өсімді сақтау ғана емес, оның ауқымын кеңейтіп, тұрғындардың өмір сапасына әсер ететін салалардағы тұрақты дамуды қамтамасыз етуге басымдық берілмек.
Біздің Instagram және TikTok желісіндегі парақшаларымызға жазылыңыздар.
