Астанада қорғауындағы әйелден 7 млн теңге сұраған адвокат сотталды

Жедел шаралар барысында адвокат сұраған қаражатты алған сәтінде қылмыс үстінде қолға түсті

Астанада қорғауындағы әйелден 7 млн теңге сұраған адвокат сотталды
Фото: © istockphoto.com

Астанада қорғауындағы азаматтың сенімін теріс пайдаланып, ірі көлемде ақша жымқыруға оқталған адвокатқа қатысты сот үкімі шықты. Елорда прокуратурасының мәліметінше, заңгер мемлекеттік органдардағы «таныстары» арқылы мәселе шешіп беремін деп уәде берген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Іс материалдарына сәйкес, қорғауындағы әйел қамауға алынғаннан кейін адвокат оған бұлтартпау шарасын жеңілдетуді — күзетпен ұстауды үйқамаққа ауыстыруды ұсынған. Осы «қызметі» үшін заңгер 7 миллион теңге талап еткен.

Алайда күдікті әйел заңсыз мәмілеге барудан бас тартып, бірден құқық қорғау органдарына шағымданған. Нәтижесінде арнайы жедел шаралар барысында адвокат сұраған қаражатты алған сәтінде қылмыс үстінде қолға түсті.

Сот үкімімен адвокат алаяқтық жасауға оқталғаны үшін кінәлі деп танылып, екі жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ оған адвокаттық қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасы тағайындалды. Алайда үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Елорда прокуратурасы тергеу барысына заңсыз ықпал ету әрекеттері қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертті.