«AI-QazMedia»: журналистерге арналған жаңа цифрлық көмекші іске қосылды
Жүйенің дерекқорына 300 мыңға жуық бірегей мақала жүктелген
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің мамандары отандық журналистердің жұмысын жеңілдететін «AI-QazMedia» қазақтілді жасанды интеллект моделін әзірлеп, қолданысқа енгізді. Жаңа цифрлық платформа ақпаратты жылдам іздеуге, көлемді материалдарды талдауға және деректерді жүйелеуге арналған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жүйенің дерекқорына 300 мыңға жуық бірегей мақала жүктелген. Олардың қатарында республикалық газет-журналдардың мұрағатынан алынған құнды материалдар да бар.
«AI-QazMedia» журналистерге мәтінмен жұмыс істеудің үш негізгі мүмкіндігін ұсынады. Атап айтқанда, көлемді мақалалардың мазмұнын қысқаша түйіндейді, негізгі тұжырымдары мен қорытындыларын тізім түрінде шығарады. Сондай-ақ мәтін ішінен қажетті деректерді іріктеп, оларды дайын кестеге түсіруге мүмкіндік береді.
Жобаны әзірлеуге ҚазҰУ-дың бес ғалымы атсалысқан. Университет доценті Әсел Оспанныңайтуынша, алдағы уақытта жүйе сұхбатқа дайындалу және аудиожазбаларды өңдеу бағытында жетілдірілмек.
«Болашақта платформаға аудио тану мүмкіндігін қосуды жоспарлап отырмыз. Бұл журналистерге сұхбат алу кезінде көмектеседі», — деді Әсел Оспан.
Жоспар бойынша жасанды интеллект көмекшісі сұхбат алдында тақырыпқа сай сұрақтар тізімін әзірлеуге жәрдемдеседі. Ал сұхбат аяқталған соң аудиожазбаны автоматты түрде мәтінге айналдырып, дайын сұрақ-жауапты дерекқорға сақтайды.
Қазіргі таңда «AI-QazMedia» платформасына кез келген пайдаланушы тіркеліп, қолжетімді қызметтерін тегін пайдалана алады.
