Бишімбаевтың ісі: Салтанат Нүкенованың басынан 12-13 мәрте қатты затпен ұрған
Жанна Уразбахова соттан Қуандық Бишімбаев өкілдерінің барлық өтініштерін қабылдамауды сұрады
Астанада азаматтық некедегі жұбайын аса қатыгездікпен өлтірді деп күдікке ілінген экс-шенеунік Қуандық Бишімбаевтың сотының алдын ала тыңдалымы өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Бүгін Қуандық Бишімбаевтың қорғаушылары сотқа бірнеше өтінішін жолдады. Оның ішінде бақылау камераларынан бейнежазбаларды қоса алғанда, істен белгілі бір материалдарды алып тастау туралы өтініш берді.
Жәбірленуші тараптың адвокаты Игорь Вранчев Бишімбаевтың азаматтық жұбайы Нүкеноваға шабуыл жасау фактісі дәл осы бейнежазбаларда тіркелгенін атап өтті.
«Дәл осы бейнежазбалардан соққылардың жұдырықпен және тебумен жасалғанын көруге болады. Адвокат Рамазанова оларды заң бұзушылықпен алынған деп, бейнежазбаларды материалдан алып тастауды талап етіп отыр. Бірақ бұл жазбалар Бишімбаев қылмыс жасағаннан кейін жойылып, артынша қайта қалпына келтірілді. Жоюдың мақсаты қандай? Мақсат айқын-қылмыстың іздерін жасыру», - деді ол.
Өз кезегінде жәбірленуші тараптың басқа адвокаты Жанна Уразбахова соттан Қуандық Бишімбаев өкілдерінің барлық өтініштерін қабылдамауды сұрады.
«Сотқа дейінгі тергеу барысында алынған жазбадан жәбірленуші Нүкенованың денесінің өмірлік маңызды мүшелеріне бірнеше рет жасалған соққылар анық көрінеді, сот-медициналық сараптамасына сәйкес соның салдарынан жәбір көруші қайтыс болды. Атап айтқанда, сот-медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес, Нукенованың басына 12-13-тен астам соққы тиген. Осылайша, өтініш бойынша Балашов қылмыстық істі 104–бапқа (Абайсызда кісі өлтіру-AR) ауыстыруды сұрап отыр. Бұл ретте тергеу органдарының фото, бейне дәлелдемелерінен болған оқиғаның бейнесі айқын көрінеді. Бұл жәбірленуші Нүкенованың өмірлік маңызды органдарына бағытталған соққылар болды. Осылайша, жоғарыда аталған дәлелдемелерді жоққа шығару мүмкін емес, өйткені олар осы қылмыстық іс шеңберінде заттай дәлелдемелер болып табылады», – деді ол.
Сот процесі Астананың мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында өтуде. Қылмыстық іс бойынша екі күдікті – Салтанат Нүкенованың азаматтық жұбайы, экс-министр - Қуандық Бишімбаевтың және «Гастро-орталықтың» директоры Бақытжан Байжановтың істері қаралуда.
Еске сала кетейік, 2023 жылдың қарашасында экс-министрге өз әйелі Салтанат Нүкенованы ұрып өлтірді деген айып тағылды. Оған ҚР ҚК 110-бабының 2-бөлігі (Азаптау) және 99-баптың 2-бөлігі (Аса қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру) бойынша айып тағылған. Егер қылмысы дәлелденсе экс-министр 20 жылға дейін сотталуы мүмкін.