«Бес адамның өмірін қиған өрт»: Алматыда 37 жастағы әйел ұсталды

Алматыда бес адамның, оның ішінде мектеп оқушысының өмірін қиған жер үйдегі өрт кездейсоқ оқиға болмаған

«Бес адамның өмірін қиған өрт»: Алматыда 37 жастағы әйел ұсталды
Фото: скриншот

Алматыда бес адамның, оның ішінде мектеп оқушысының өмірін қиған жер үйдегі өрт кездейсоқ оқиға болмаған. Полиция қызметкерлері тұрғын үйді қасақана өртеді деген күдікпен 37 жастағы әйелді ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, тергеушілер бейнебақылау камераларындағы жазбаларды зерттеп, күдіктінің жүріп өткен бағытын толық қалпына келтірген. Бейнежазбадан қара күртеше киген, арқасында сөмкесі бар әйелдің жан-жағына қарап, үйге кіргенін, осыдан кейін ғимараттан жалын шыққанын көруге болады.

«Тергеу нұсқасы бойынша, қайғылы оқиғаға жеке бас араздығы негізінде жасалған қасақана өрт қою себеп болған. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде 37 жастағы күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», — деп хабарлады Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Еске салайық, ірі өрт 26 қарашаға қараған түні Алматы қаласының Бостандық ауданындағы жер үйде болған. Бөлмелері жалға беріліп келген баспанада бірнеше отбасы тұрған.

Аман қалған тұрғындардың айтуынша, өрт салдарынан бес адам қаза тапқан. Олардың арасында 4-сынып оқушысы, 60 жастағы әйел мен оның 40 жастағы қызы, сондай-ақ екі ер адам бар.

Кейбір тұрғындар жалын шарпыған ғимараттың терезесінен секіріп, аман қалған. Алайда олардың баспанасы мен барлық дүние-мүлкі өртеніп кеткен. Айта кетейік, аталған аумақ жазда бұзылуға жататын нысандар қатарына енгізілгенімен, үйдің бір бөлігі жалға беріліп келген.