Тоқаевтың Жолдаудағы тапсырмасынан кейін жалақысы өсетін және өспейтін дәрігерлер кім: ДСМ өкілі жауап берді
Ол екі мейіргердің кейсін талдады
Келесі жылдан бастап медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) жүйесіндегі учаскелік қызмет мамандарының жалақысы өсетіні Жолдаудан бері айтылып та, жазылып та жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қосымша ақы медицина қызметкерлерінің үздіксіз еңбек өтіліне қарай сараланбақ. Редакциямызға содан бері «емханада жұмыс істейтін мамандардың бәрі бірдей үстемеақы ала ма?», «еңбек өтілі қалай есептеледі?», тапсырмада айтылғандай, бес жыл емес, 30 жыл еңбек еткен мейіргердің жалақысы қалай өседі» деген сауалдар тоқтаусыз түсіп жатыр. Осыған байланысты Azattyq Rýhy жан-жаққа сауал жолдап, жалақыны арттыруға қатысты негізгі сұрақтарға жауап іздеді. Тікелей осы буын дәрігерлерінің жұмысына жауапты Республикалық алғашқы медициналы-санитариялық көмек орталығының директоры Олжас Ысқақовқа бірнеше адамның нақты кейсін де жібердік. Ол жауап берді. Дегенмен, ол да тапсырма енді ғана түскен соң дәрігерлердің еңбек өтілін есептеу, үздіксіз еңбек еткендердің өтілін растауға қатысты ережелер әлі нақты емес дейді.
Өзгеріс МСАК жүйесіндегі барлық маманға қатысы емес
Алдымен МСАК жүйесіне кімдер кіретінін анықтап алайық. Ол дегеніміз – халыққа тіркелген жері бойынша медициналық көмек көрсететін дәрігерлер, яғни, осы буындағы денсаулық сақтау жүйесінің негізі. Бұдан да қарапайым тілмен айтсақ, сіз ауырғанда баратын өз учаскелік дәрігеріңіз, балаңызды қарататын учаскелік педиатр.
Бұл жүйенің ішінде жалпы практика дәрігерлері, учаскелік терапевтер мен педиатрлар, фельдшерлер, акушерлер, жалпы практика және учаскелік мейіргерлер, сондай-ақ әлеуметтік қызметкерлер мен психологтар жұмыс істейді.
Алайда осы тізімдегі мамандардың барлығының жалақысы бірдей тәртіппен өспейді. Себебі жоспарланған қосымша ақы МСАК жүйесіндегі барлық қызметкерге емес, нақты учаскелік қызметке жататын және белгіленген талаптарға сәйкес келетін мамандарға бағытталған.
Қосымша ақы еңбек өтіліне қарай есептеледі
Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған тәртіп бойынша медицина қызметкерлеріне үздіксіз еңбек өтіліне қарай лауазымдық айлықақының белгілі бір пайызы қосымша ақы ретінде қосылады.
Қарастырылған мөлшер мынадай:
- Екі жылдан астам еңбек өтілі болса – лауазымдық айлықақының 20 пайызы;
- Үш жылдан астам болса – 30 пайызы;
- Бес жылдан астам болса – 50 пайызы.
Пайыз қызметкердің жалақысынан емес, лауазымдық айлықақысынан есептелетінін ескерген жөн. Яғни жалпы жалақы айлықақымен қатар үстемеақы және басқа да төлемдердің жиынтығы. Ол өзіңіздің лауазымдық айлықақыңыздан көп болады.
Мысалы, лауазымдық айлықақысы 200 мың теңге болса, 20% қосымша ақы 40 мың теңгені, 30% қосымша ақы 60 мың теңгені құрайды. Ал 50% мөлшерінде есептелсе, қосымша ақы 100 мың теңге болады.
Бұл – есептеу тәсілін түсіндіруге арналған шартты мысал. Нақты төлем маманның лауазымына, еңбек өтіліне және бекітілетін талаптарға байланысты болады.
Осы ретте «үздіксіз еңбек өтілі» деген ұғымға да назар аудару керек. Мәселен, маманның жалпы еңбек өтілі 20 жыл болғанымен, оның әр кезеңде стационарда немесе емханада жұмыс істеуі, бір медициналық ұйымнан екіншісіне ауысуы мүмкін.
Мұндай жағдайда жұмыс кезеңдері, еңбек қызметіндегі үзілістер мен демалыстың жекелеген түрлері қалай есептеледі? ҚР ДСМ Республикалық алғашқы медициналы-санитариялық көмек орталығының директоры Олжас Ысқақовтың түсіндіруінше, бұл мәселелер үздіксіз еңбек өтілін есептеудің белгіленген қағидаларына сәйкес айқындалады.
«Мысалы, маманның жалпы еңбек өтілі 20 жыл болуы мүмкін, алайда ол әр кезеңде стационарда және емханада жұмыс істеген немесе бір медициналық ұйымнан екіншісіне ауысқан болуы ықтимал. Осындай кезеңдерді, оның ішінде жұмыстағы үзілістер мен демалыстың жекелеген түрлерін есепке алу тәртібі үздіксіз еңбек өтілін есептеудің белгіленген қағидаларымен айқындалады. Бұл барлық медициналық ұйымдарда қосымша ақы тағайындаудың бірыңғай тәсілін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді ол.
Учаскелік қызметкердің бәріне бірдей үстемеақы берілмейді
Емханада жұмыс істейтін маманның бәрі қосымша ақы алмайтынын айттық. Бірақ тіпті учаскелік қызметке қатысы болғанымен, қызметкер белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі мүмкін.
Олжас Ысқақовтың түсіндіруінше, қосымша ақы мөлшерін анықтағанда бірнеше өлшем ескеріледі.
«Қосымша ақының мөлшері үздіксіз еңбек өтіліне, атқаратын лауазымына, орындайтын функцияларының сипатына және басқа да белгіленген шарттарға байланысты болады», – деп түсіндірді спикер.
Мәселен, емханада жұмыс істейтін маманның учаскелік қызметке қатысы болғанымен, оның лауазымы қосымша ақы алушылар тізіміне енбеуі мүмкін. Мұндай жағдайда жаңа үстемеақы оның жалақысына қосылмайды.
Ал нақты кімдердің төлем алатыны, қандай жағдайда қосымша ақы тағайындалмайтыны әзірге түпкілікті бекітілмеген.
«Учаскелік қызмет мамандарының жалақысын арттыру туралы тапсырманы Мемлекет басшысы 28 қазанда ғана жариялағанын айта кеткен жөн. Қазір іске асырудың нақты шарттары мен тәртібін айқындау жұмыстары жүргізілуде. Төлем алу құқығы мен оның мөлшері бірыңғай белгіленген өлшемшарттар негізінде әрбір қызметкер бойынша жеке айқындалады. Негізгі міндет – барлық медициналық ұйым үшін қосымша ақыларды есептеудің ашық әрі түсінікті тетігін қамтамасыз ету», – деді орталық директоры.
30 жыл еңбек өтілі бар мейіргердің жалақысы қалай өседі
Редакцияға хабарласқан медицина қызметкерлерінің бірі – аудандық емхананың жалпы практика мейіргері Кенжегүл Қойшыбайқызы. 52 жастағы маманның саладағы үздіксіз еңбек өтілі 30 жыл. Қазіргі жалақысы – 250 мың теңге.
ҚР ДСМ Республикалық алғашқы медициналы-санитариялық көмек орталығының директоры Олжас Ермекұлы мейіргердің кейсін талдап берді. Айтуынша, егер маманның учаскелік қызмет құрамында тікелей жұмыс істейтіні, 30 жылдық үзідксіз еңбек өтілі расталса, айлықақысының 50 пайызын алуы мүмкін.
«Алайда 250 мың теңге – әртүрлі үстемеақы мен қосымша ақыдан құралған жалпы жалақы екенін ескеру керек. Сондықтан жалақы өсімінің нақты сомасын есептеу үшін лауазымдық айлықақының мөлшерін және қолданыстағы еңбекақы төлеу шарттарын білу қажет», – деді ол.
Редакцияға сауал жолдаған тағы бір маман – қалалық емханада жұмыс істейтін учаскелік мейіргер. Оның үздіксіз еңбек өтілі – 1 жыл 6 ай. Ол да жаңа тәртіп бойынша қандай мөлшерде қосымша ақы алуы мүмкін екенін білгісі келеді.
Айтуынша, маманның еңбек өтілі салыстырмалы түрде аз. Себебі учаскелік қызмет мамандарының жалақысын үздіксіз еңбек өтілінің ұзақтығын ескеру арқылы арттыру көзделген.
Еңбек өтілі қалай расталады?
Қосымша ақы тағайындау кезінде медицина қызметкерінің үздіксіз еңбек өтілін растау мәселесі де маңызды.
«Әдетте мұндай ақпарат медициналық ұйымның кадрлық құжаттарында, еңбек шарттарында және еңбек қызметі туралы мәліметтерде қамтылады. Медицина қызметкерлеріне қосымша әкімшілік жүктеме түсірмеу үшін қолда бар мәліметтерді барынша пайдалану көзделеді. Еңбек өтілін нақтылау қажет болған жағдайда растайтын құжаттар сұратылуы мүмкін», – деп түсіндірді орталық директоры.
Қысқасы, үстемеақының нақты кімге төленетіні, еңбек өтілінің қалай есептелетіні мен оның мөлшерін нақты есептеу әзірге мүмкін емес. Бұл талаптар төлем тетігі толық бекітілгеннен кейін нақтыланады. Содан соң ДСМ өкілдері кімнің үстемеақы алуға құқылы екенін және оны рәсімдеу тәртібін түсіндіріп береміз дейді.