29.10.2026, 17:04
Қоғам

Қорғаныс министрі әр жылдары әскерде қаза тапқан сарбаздардың әке-шешесін кабинетіне жинады

Кездесуге келген ата-аналардың арасында баласы ауыр жарақат алған адамдар да бар

Қорғаныс министрі әр жылдары әскерде қаза тапқан сарбаздардың әке-шешесін кабинетіне жинады
Фото: Қорғаныс министрлігі

Бүгін Қазақстанның жаңа қорғаныс министрі генерал-майор Айдос Мырзахметов әр жылдары әскери қызмет өткеру кезінде қаза тапқан сарбаздардың ата-аналарымен кездескен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Министрліктің ресми сайтындағы шағын ақпаратқа сүйенсек, кездесуге келген адамдардың арасында әскерде ауыр жарақат алған әскери қызметшілердің тауыстары да болған.

Қорғаныс министрі ата-аналардың бастамашы тобынан түскен әрбір өтінішті зерделеп, тексеретінін мәлімдеген.

«Қорғаныс министрлігі қаза тапқан және жараланған әскери қызметшілердің отбасының қайғысына ортақтасып, туыстарының өтініштеріне түсіністікпен қарайды. Әрбір өтініш мұқият қаралып, нақты жауап береміз», - деген министр.

Кездесу соңында министр әрбір жағдаймен жеке танысып, ұсынылған материалдарды зерделейтінін мәлімдеді.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанның әскерінде ауқымды реформа басталды. 

Оған жуырда Каспий теңізіндегі 14 сарбаздың өлімі себеп болды. Дәлірек айтсақ, биыл қыркүйектің 24-і күні Каспий теңізінде оқу-жаттығу барысында ауа райы бұзылып, 17 сарбаз суға кеткен. Өкініштісі, олардың 14-і қаза тауып, 3-еуі ғана аман қалған. Оқиғаға байланысты Бас прокуратура қылмыстық іс қозғап, тергеу барысын ерекше бақылауына алды. Қорғаныс министрлігі көп ұзамай қаза тапқан сарбаздардың аты-жөнін жариялады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы сарбаздардың өліміне қатысты 25 қыркүйек күні Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

25 қыркүйек күні тергеу жұмысына салғырт қарағаны үшін Қорғаныс министрлігінің бес лауазымды тұлғасын кісендеп әкетті.

Екі күннен кейін Тоқаев Қорғаныс министрі Дәурен Қосановты орнынан алып тастады. Дәл сол күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Айдос Сәкенұлы Мырзахметов Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі лауазымына тағайындалды.

Бірнеше күн бұрын Қауіпсіздік кеңесі әскердегі реформаға қатысты жаңа әрі нақты жоспар ұсынған. Ол жоспарға сай, енді әскердегі сарбаздар алты ай оқу орталығында, алты ай әскери бөлімде борышын өтейді. Бұл жоспарды президент Қасым-Жомарт Тоқаев қолдаған. 

Сондай-ақ бұл жоспарға Қазақстанда әскери омбудсмен пайда болмақ.